Сырым ауданы әкімінің Жұмагелді Батырниязовтың халықпен кездесу жиыны Жосалы ауылдық округінде өтіп, оған аудан әкімі қатысты. Ауылдық округ әкімі Батырғали Иманқұлов атқарған жұмысын, кезек күтіп тұрған тұрған мәселелер туралы айтты.
Аудандық мәслихат хатшысы, депутат Шынар Дүйсенғалиева ауыл тұрғындары аманат еткен бірқатар мәселенің орындалу барысын мәлімдеді.
Оның ішінде қаржы бөлінсе, келесі жылы басталатын А.Жұмағалиев атындағы мектептің күрделі жөндеуі, Тамды бастауыш мектебіне жеңіл-желпі жөндеу жүргізілгені туралы айтты. Ауылға келетін жолды жөндеу үшін ЖСҚ жасалып жатыр. Тамдыға әмбебап спорт алаңын салу үшін ЖСҚ жасалады. 2028 жылға қарай Жосалыға ауылдық дәрігерлік амбулатория салынады, қаржының бөлінуіне қарай жылы бері жылжуы мүмкін.
Жосалылықтар А.Жұмағалиев атындағы мектептің күрделі жөндеуі аяқталғаннан кейін, құрылысты қабылдау комиссиясына ауыл тұрғындарын қосу, мектептің ескі терезелерінен жылыжай жасау, фельдшерді ауылға тұрақтандыру, жолды тегістеу, тазартуды уақтылы жасау, ауылдық ардагерлер кеңесіне спорттық жабдықтар қажеттігі, Тамды ауылының ұялы байланысының нашарлығы, ауыл шаруашылығы мамандарымен жиналыс ұйымдастыру, басқа да мәселелер жайында ұсыныс-сауалдарын билік өкілдеріне айтты.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытынды сөзінде:
– Жолды қырып, тегістеп, күтіп ұстау үшін жылдың соңына дейін «Тагра» ЖШС-мен келісім бар. 8 желтоқсанда ауданда ауыл шаруашылығы мамандарымен келелі жиын өтеді. Соған ауданның барлық ауылшаруашылық құрылымдарының басын қосып жатырмыз. Мемлекеттен қандай жеңілдік, демеуқаржы берілсе, ауданда мұндай көмектен тыс қалып отырған ауыл шаруашылық құрылымы жоқтың қасы. Ауылды бірлікке шақырып, ақылшы болып отырған ақсақалдарымызға алғыс білдіремін, - деді.
Жиыннан соң тұрғындармен жеке қабылдау өтті.
Аудан әкімі Қамбар Байқатовтың азық-түлік дүкенін қарады.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz