24.08.2024, 9:00
Оқылды: 193

Ауылға өмір сыйлау үшін...

Көзі қарақты оқырман қауымға аян, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей бос жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды қатаң ескертіп келеді. Оны халық игілігіне беру жөнінде де келелі бастама көтерген еді.

FB_IMG_1724441519726

Осыдан екі жыл бұрын «AMANAT» партиясы ішінен «Жер аманаты» комиссиясы құрылды. Сөйтіп бұл бағытта жұмыстанып, жүйелі іске кірісті.

Аталған мәселе бойынша Теректі ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек аталмыш республикалық комиссиясының төрағасының орынбасары ретінде жұмыс сапарымен келді.

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев жол бастаған құрамды аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова, орынбасары Дамир Ғұмаров, «AMANAT» партиясы аудандық филиалдың төрағасы Мирхат Ибраев, облыстық мәслихат депутаты Сержан Идиятов және жер қатынастары, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары қарсы алып, биыл жүзеге асқан жұмыстарды баяндады.

Бақытжан Жұмабекұлы Долин ауылдық округіндегі «Шолан» шаруа қожалығына аялдап, шаруашылықты қолға алған бір топ шаруамен жүздесті.

FB_IMG_1724441503819

2024 жылы аудандық жер қатынастары бөлімі саласындағы уәкілетті органдарымен облыс бойынша 21 986, 25 гектар пайдаланылмай жатқан жерлер анықталып, 13 723,3 гектары облыстық жер ресурстарын пайдалану департаментіне жолданған. Сонымен қатар ауыл шаруашалығы мақсатындағы 5 053 гектар жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Бұл кездесуге алтын уақыттарын бөліп, әр ауылдық округтен келген шаруалар сұрақтарын қойып мардымды жауап ала алды. Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, жердің мақсат бойынша мүлдем пайдаланымай қалған дерегі анықталған соң ұтымды игеріп әкету мерзімі бір жыл болып бекітіледі. Оларды жер пайдаланушылар берілген бір жыл ішінде қайта жұмыстанып, әрі қарай жалдау құқығын сатып, қайтадан сол күйге түсіретіні толғандырады.

Осындай һәм бұдан өзге түйткілді мәселелерді жайып салып, ашындырған жайттарды ортаға салды.

– Ауылға өмір сыйлау үшін жерді дұрыс игеруіміз қажет,- деп Бақытжан Базарбек баса айтты.

Расымен де, атамыз қазақ «бос жатқан жер жау шақырады» деп, бекер айтпаса керек. Оны ауыл шаруашылығына жанашыр әр қазақ жете түсінуі тиіс. Халық қалаулысы ұшаққа асықса да Ата Заң аясында толыққанды жауап беріп, әр сұрақтың өзектілігіне тоқталды. Жүздесуде еш сауал жауапсыз қалмады.

FB_IMG_1724441517154

– Сіздердің тараптарыңыздан шағым болса, жер беру жұмысында заңсыздық байқалса, бірден бізге қоңырау шалыңыздар! Теректі жұртының ашық көзқарасы, шаруашылыққа болсын деген ниеті ұнады. Ары қарай да, байланыста боламыз! Жер шынай еңбек етемін деген елін сүйетін жандардың меншігінде болып, олар халыққа қызмет көрсетсе, үлкен жетістік,- деп, сөзін түйіндеді депутат.

Ақтілек Әлібек,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале