Туған жерінің арғы-бергі тарихын жазу кез келген адамның қолынан келе бермесі анық. Жақында жерлес ақын Сәрсенғали Рахметовтың «Ауылым – Көктерек» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылының өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігін қамтыған тарихи энциклопедия десек артық болмас.
Бүгін Көктерек ауылында ауылдастары жоғары баға берген «Ауылым – Көктерегім» кітабының тұсаукесері өтті. Ауыл мәдениет үйінде өткен салтанатты шараны Сәрсенғали ағамыздың шәкірті, «Aqjaiyq» телеарнасының редакторы Тұрар Кенжеғалиев пен Көктерек өлкетану музейінің қызметкері Ақмарал Әдиетова жүргізіп, жиналған көпшілікке ақынның өмірбаянын және шығармашылық жолын таныстырды.
Айта кетуіміз керек, бұл Сәрсенғали Рахметовтың жыр жинақтарынан басқа өлкетанушылар қауымына ұсынып отырған екінші кітабы. 2017 жылы «Қарақоға, Қараөткел, Көмекші» атты еңбегі жарық көрген болатын. Енді, міне, жаңа кітапқа Көктерек ауылының Бөкей хандығы заманынан бастап, күні бүгінге дейінгі тарихы мен осы елдің белгілі адамдарының есімдері кіріп отыр.
Әдемі әнмен, ақынның әрлі өлеңдерімен өрілген шарада кітаптың тұсауын кесу құрметі ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Самиғолла Сарбаев мен шәкірті Тұрар Кенжеғалиевке жолданды.
Салтанатты шарада сөз алған Сәрсенғали ағамыздың жора-жолдас, ауылдастары Көктерек тарихынан сыр шерткен кітаптың өскелең ұрпақ үшін таптырмас жәдігер екенін атап өтті.
Сонымен қатар шараға арнайы қатысқан Казталов аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Хамитова авторға жылы лебізін білдірсе, Көктерек ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Мейірбек Дауытов округ әкімі атынан жолданған алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz