2.03.2023, 11:45
Оқылды: 57

Ауылын сақтап қалған Назым әкім

Әр дәуірдің өз жақсылығымен қатар адамзатқа артар ауыртпалығы да болатыны белгілі. Жақсылыққа семірмей, қиындықтан шыңдалып, сабақ ала білген жандардың қазіргі буынға айтары көп. Соның ішінде алмағайып заманда ел үшін еңбек етіп, жоқтан бар жасағандар, ауыл мен аймақтың еңсесін көтеріп, бірлігін мығым ұстаған әйел-аналардың рөлі орасан. Бүгінгі кейіпкеріміз – тоқырау жылдарында түгел бір округтің тізгінін ұстап, сол кезеңнің қиындығын елмен бірге көтере білген жан.

E3BACA03-279E-451C-BD19-120F7569560B

Назым Қуанышеваны сонау 1998 жылы аудан басшылығының бұйрығымен, сенім артқан ағайынның қолдауымен Қарауылтөбе ауылы әкімдігінің бас маманы болып жүрген жерінен  өзінің туған жері Базартөбе ауылдық округіне әкімдік қызметке тағайындайды. Шіліңгір шілденің тоғызы  екені де кейіпкеріміздің әлі есінде. Әрине, ел болған соң сан-саққа жүгірткен әңгіме де желдей есті. Басым бөлігі қолтығынан демеп, бірге жұмыстануға ишарат білдірсе де, «Әйел ел басқарса, тозғанымыз да, бас көтерер ер қайда жүр?» деп айтқандар да табылды.

Әлқисса… «Алмағайып заманда» деп басында айтып кеткеніміз тәуелсіздігіміздің елең-алаңындағы тоқырау кезеңді дәл сипаттағандай. Кеңшар, ұжымшар дегендердің аты құрып, оның орнына кооперативтер түзіліп жатқан күндер. Жаңадан тағайындалған Назым әкімді қоғамдағы өзгерістермен қатар табиғаттың өзі де бір сынайын дегендей. Шілдеде округтің тізгінін ұстаған ол аптап ыстықтан қырлық жерлерде өршіген алапат өртпен бетпе-бет келді.  Құрылғанына көп болмаған округте арнайы техника қайдан болсын, ауыл адамдары жаяу-жалпылап дала өртімен күні-түні арпалысқанымен, жалынның бетін қайтару оңайға түспейді.  Сол кезде  ел-жұртпен ақылдасып, жеке тұрғындардың трактор-көліктеріне жанармай мен дизель отынын өз қаражатына алдырған. Техникалар жер жыртса, ауылдастар қырлық даладағы құдықтардан көлікпен су тасып, өртті ауыздықтауға кірісіп кетеді. Табиғи тажалмен күрескен ағайынға Назым әкім өзі азық-түлігін жеткізіп, апаттың күші басылмайынша бір дамыл таппады. Екі күн, екі түн дегенде өртті толығымен сөндірген базартөбеліктерге көршілері де риза болып, сол күндерден кейін алғысын жолдапты. Риза болмай қайтсін, округтеріне қарасты екі бірдей шаруашылықтың шабындығын аман алып қалса.

Сол кездердегі қиын күндер әлі де есімізде. Отыны тоғайға, жарығы желге тәуелді ауылдағы ағайынның жағдайы мәз емес-тін. Оның үстіне жылына бір алатын жалақысын да қолына тигенше, құнын құлдыратқан инфляция жеп қоятын. Қиындықтан қабырғасы қайысып, «шықпа, жаным, шықпа» болған жұртшылықтың ұнжырғасын түсірмей, қайта рухани дем беріп, берекелі тірлікке жұмылдыру ауыл әкімінің жауапкершілігін арқалаған Н.Қуанышеваға түскені айтпаса да, түсінікті. Қайтпек керек, округке қарайтын бірнеше елді мекенді аралап шығайын десе, кеңсенің алдында байлаулы темір тұлпары да жоқ, ауқатты ауылдастарынан сұрап алайын десе, оған құятын жанармайы тағы жоқ. Ауылда ер балалармен тең өскен әйел-анаға бұл кедергі бола ма?! Ауылдастарынан ат сұратып алып, кеңседе омалып отырмай, ауыл-елді күнарата аралап шығатын. Алыстан қараңдап, салт атты көрінсе, ауылдағы ағайын әкімінің келе жатқанын бірден сезетін.

Әкімдікке енді тағайындалған күндерден мына бір жайт Назым Қуанышеваның жадында мықты сақталыпты.

...Қадырқұл ауылына тартылған электр бағаналарының біріне найзағай түсіп, құлатқанына біраз болды, ауыл жарықсыз отыр.  Дереу сымдарды жалғап, бағаналарды жөндеу керек. Базартөбе мен екі ортаның қашықтығы – 12 шақырым. Қазіргідей кез болса, атқамінерлер «көлік қайда, бензин бер» деп байбалам салар еді. Ал сол күндерде бұл түктен де сылтау емес-тін. Қадырқұлдықтардың еңсесін көтерейін деп, әкім атқа мініп, дереу ауылға қарай бет алады. Заман азған күндер, адам да тозған... Жарығы жоқ ауылға жетіп, одан әрі қырлық жерлерге келсе, біреулер ток көзі жоқ бағаналардың сымдарын соламайымен ұрлап кетіпті. Жоғары жаққа дабыл қағып, шағын болса да, Қадырқұлда жұрт отырғанын шырылдап жүріп жеткізіп, екі күннен соң ауылға электр жарығын қостыртыпты.

Ауылдың жағдайы қаламен теңескен бүгінгідей бозторғай қой үстіне жұмыртқалаған күндерде елді мекендерден халық көшіп жатқанда, тоқыраудың ауыртпалығынан қашқан ағайынның екі қолға бір күрек іздеп, алтын бесік ауылын қанша қимаса да, үдере қоныс аударғаны заңды сияқты. «Ауылдан адам көшсе, жұмыс күші кетсе, шаруашылық қалай дамымақ, ертеңгі  тағдырымыз не болмақ?» деген ой ауыл әкімін сан мазалайтын. Шежіресі қатпар туған ауылының іргесі сөгілмеуін қалаған ол ел-жұртының ортасында болып, жұмыссыз жастарға жұмыс тауып беру жағын қарастырады. Иесіз тұрған үйлерді шама жеткенше бұздыртқызбады. Сондағы ойы – өтпелі кезеңге ел болып төтеп берсе, қаңырап қалған баспананы жас отбасылар қоныстанып, ауылдың болашағы гүлденер еді.

Табиғаты нәзік болғанымен, өзіне сенген ауылдастарының үмітін ақтап, артылған міндеттен жалтармаған ауыл әкімінің басына нелер келіп, нелер кетпеді дейсіз?! Мал ұрлығының өршіп тұрған кезі. Ауылға жаңадан келіп, жұмысына кіріскен учаскелік полиция қызметкері Арман Сүлейменовпен бірлесіп,  бұл келеңсіздікке де төтеп беруге тура келді. Бір ауылдастың ірі қарасы түн ішінде ұрланып, оның Жайық өзенін құрсаған мұздан арғы бетке өткені белгілі болады. Таң қылаң бере, әкім де, полиция қызметкері де жаяулатып із кесуге шығады. Бес шақырым жол жүрген соң, Атырау-Орал тас жолының бойынан жоғалған ірі қараның басы мен терісі табылады. Дереу ұрының  ізіне түскен олар көп ұзамай, өзгенің ақ адал малын қолды қылған баукеспені де ұстайды. Содан шығар, ауылдастарының «Із кесуші әкім» деп атап кеткені.

Айтуға оңай, айлап-жылдап жалақы алмаған халықтың рухын көтеру қиын-қыстау кезеңде ауылдың тізгінін қолына алған әйел тұрмақ, ер азаматтарға да оңай болған жоқ. Десе де, жерлестерінің қолдауымен бос қалған ғимыраттарды жөнге келтіріп, мешіт ашып, емхананы жөндеп, жоқ-жітік жандардың үйлерін қалпына келтіру жұмыстарының басталғаны осы Назым Қуанышеваның кезінде. Ауыл тазалығына аса мән беріп, тау теке боп үйілген күл-қоқыс шығарылып,  Базартөбе аудандағы үлгілі округтердің біріне айналады. Жалақыларын жарты жылдан бері ала алмай отырған еңбеккерлердің жанұяларына арнайы кіріп, жағдайларымен танысып шыққасын, ауылда дүкен ашқан азаматтармен кеңесіп, мұқтаж отбасыларын азық-түлікпен қамтамасыз етуді де ұйымдастырады.

... Кешқұрым сәт, жұмыс күні аяқталғанымен, күндіз ауыл-елдің тірлігімен қолы босамаған әкім кеңсесінде қағаздарын реттеп отырған еді.  Жұмыс телефоны безілдеп қоя береді.  «Мұғалімдердің жалақылары келіп тұр, соны Жайықтың арғы бетінен алып кету керек» дегенді естіген Назым әкімнің қуанышында шек жоқ. Бірнеше айдан бері естіген жақсы жаңалығы еді. Пошташы мен бас көтерген ауыл азаматтарын алып, жолға шығады. Суы арнасынан асқан Жайық өзенінен қайықпен әупірімдеп өтті-ау. Атамекен ауылына апарар жолды жайылған су басыпты.  Барлығы сол суды белшеден кешіп өтеді. Кері қайтарда мезгіл түннің ортасы боп қалыпты, бірақ таңды күтпей, сөмке толы ақшаны қолтықтарына қысып,  кері жолға шығады. Қатты тоңып, шаршап жеткен олардың бұл қиындықтары кеңседе күтіп алған ұстаздар қауымының қуаныштарын көргенде ұмытылып, бірге қуанып, әсерлі шақ болғанын тебіреніспен еске алады өзі бүгінде.

«Көш жүре түзеледі» деген, өтпелі кезеңнен аман өткен ел енді берекелі тірлікке бет алып, ауылдың ажары кіре бастайды. Ірілі-ұсақты қожалықтар құрылып, мал саны артады. Сауда орындары ашылып, жұмыссыздар саны азайып,  тоқыраудан әбден титықтаған жұртшылықтың тұрмысы біртіндеп қалыпқа келе бастайды. Бір айта кетерлігі, ол қызметке кіріскеннен сегіз жылда ауылдан ешбір адамның көшпеуі – туған мекенінің жарқын болашағынан еш күмәнданбаған халқының басшысына сенімінен-ау. Осындай мысалдар айта берсек, көп. Барлығы базартөбеліктердің жадында.

– Қазір Орал қаласында немере-жиендерді бағып отырған зейнеткер әжемін . Анда-санда ел жаққа барғанда, көңіл құлазып қайтады. Ауылдан көшкен адамдар, бұзылған үйлер, шағын елді мекендерде мүлдем адам қалмаған. Сұрықсыз күйде. Қаншама еңбек зая кеткендей. Қазір мүмкіндік зор ғой, дамыған заман.  Ауылда ұялы байланыс нашар. Басқа да мәселелер бар. Қысқасы, еңбектену керек. Мемлекетке мұның бәрінде иек артып отыра беруге болмайды, талай бағдарламаның игілігін көріп, байлық жиған азаматтар осыларды қолға алса деймін. Ал менің бүгін еске алғанымның бәрі өткен күннің еншісінде болғанымен, бүгінгілерге зор ынта-жігер берері сөзсіз. Ең бастысы, халықтың ниеті түзу, ертеңге сенімі бекем еді. Біз де елмен бірге қуандық, мұңайса, мұңайдық, сондай кезең еді ғой. Қазір, айтқанымдай, мүмкіндіктер баршылық.  Ел экономикасын өркендетуге атқа мінер азаматтар атсалыса білсе,  ауылдың тірлігі түлейді.

Біз де Назым Қуанышеваның осы сөзімен бүгінгі тақырыпқа нүкте қойдық.

Әсет Бисенғалиев

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале