Казталов ауданы Көктерек ауылының Мәдениет үйінде өнер жолындағы танымал жерлесіміз, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Парасат» орденінің иегері, актриса, режиссер Нұрлыгүл Өтемісқызы Жұбатованың «Өнер. Өмір. Өнеге» атты мерейтойлық кеші өтті.

Өнер иесінің туған жері — Нұрлыгүл бастаған бір топ әртістерді киелі сахнасында қарсы алып, ыстық ықласпен, зор құрметпен риясыз қошемет көрсетті.
Айтулы шарада Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов бастаған театрдың бірнеше өнерпаздары түрлі қойылымдардан үзінділерді сахналаса, Нұрлыгүл Өтемісқызының бірге туған бауырлары Мәулет, Жылқыбай Жұбатовтар айтулы кештің жоғарғы деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.

Мерейтой иесі Нұрлыгүл Өтемісқызы жерлестерімен жүздесіп, толғамды ойларынан туған жазбаларын оқып, ақын Дариға Мұштанованың сөзіне жазылған «Кеттік, інім, ауылға», «Ағаларым» әндерін шырқады.
Көктерек ауылдық округінің әкімі Бақытжан Есенғалиев құттықтау хатын табыстап, естелік сыйлықтармен ауыл азаматтарының атынан ат мінгізсе, Мәдениет үйінің қызметкері Серік Кажимов те Көктерек ауылының өнерпаздыры атынан Нұрлыгүл Жұбатоваға тұлпар мінгізіп, шынайы құттықтауларын жолдады.

Ауыл тұрғындарына қайталанбас әсер сыйлаған тамаша сәтте Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Нұржан Тасболатов көктеректік ағайындарға гастролдік сапармен келген өнерпаздар атынан рахмет айтып, Мәдениет үйінің ұжымына Алғыс хат табыс етті.
Кеш соңында рухани ләззат алған жергілікті тұрғындардың құрметіне ауылдың гимніне айналған «Көктерек вальсі» әні шырқалды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы