21.01.2021, 10:42
Оқылды: 70

Ауыртпалықты адамдық жеңеді немесе тіршілікте ананы қиындықпен жалғыз қалдырмайық

Өрт пен су – тіршілікке зор қатер төндіретін кесапат. Тұтанған от жан жағын жалмап, күлге айналдырады емес пе?! Өкінішке қарай, қаңтардың қытымыр аязында  Ақжайық ауданына қарасты Алмалы ауылында бір үй өртке оранып, түгелдей жанып кетті. Абырой болғанда, баспананы мекен еткен адамдар дін-аман. Оқиғаны ретімен тарқатсақ.

9 (1)

Қаңтар айының 7-сі. Майра Құспанова әдеттегідей тіршілік қамы, үйдің күйбең тірлігімен жүр. Майра апайымызбен бірге  қызы Татьяна және кішкентай жиені бірге тұрады екен. Демалыс болғасын кенже қызы анасына көмектесіп, кір-қоңын жуып, оны жайып қасында. Қыстың қысқа күнінде бәрін үлгеріп тастағысы келген үй адамдары қарбаласпен дамыл таппады. Кешкі алтылардың шамасында қорадағы азын-аулақ уақ жандығын жайғастырып, Майра апамыз да үйіне кіреді. Дұрысын айтқанда, өздері тамақтанатын жазғы сарайға келеді. Алланың осы отбасын болар кесапаттан сақтайын дегені шығар, бір бөлмелік қоныстың ішіне жылу жүйесін жүргізіп, қыста отыруға лайықтап жөндеп алған болатын. Бағанағы жуған киімдерін жинастырып, қызы үлкен үйге кіріп-шығып жүреді.

Апат айтып келмейді. Дастарқан басына жиналған отбасы аз ғана сәттен соң қара шаңырағы отқа оранатынын қайдан білсін?!  Сағат кешкі жеті жарымдардың шамасында электр жарығы жалп етіп өшіп қалады. Ауа райы қолайсызда электр желісінің онсыз да ескі сымдары сыр беріп, әлсін-әлі жарықтың сөнетініне әбден үйренген Майра апаның ойына «Қап-ай, кешкі киномды көре алмайтын болдым-ау» деген ой сап ете қалыпты. Басқалай түк алаңдаған жоқ. «Қосылар біраздан соң жөнделсе» деп дастарқанды жинай бергені сол еді, белгісіз нөмірден телефонына  қоңырау түседі. Ар жағынан жас баланың дауысы «Майра апа, сіздің үйден түтін шығып жатыр ғой. Қайдасыз? Мен көрші балаң Ерболмын ғой» дейді. Ести сала сарайынан үйге қарай жүгіре жөнеледі. Көрші-көлемнің біразы лезде жиналып қалыпты. Барлығы да абдыраулы. Оттың жалыны көрінбегенмен, түтін терезе саңылауларынан будақтап шығып жатыр.

Не шанарын, не шанбасын білмей, сасқалақтаған отанасы аман қалған мүлігін алып шықпақ ниетпен үйге енеді. Сыртқы есікті ашып кіргенімен, түпкі бөлмелерге қарай өту мүмкін емес. Себебі тұнышықтыра, қолқаны қабар түтінмен қоса оттың лебі бет қаратпайды. Сырттан жиналған адамдар сабырға шақырып әлек. Марқұм отағасы Виталиймен бірге талай бақытты күндерін өткізіп, ұрпақ өсірген киелі шаңырақтың, соншама жыл жинақтаған дүниесінің өртке оранғанын көріп, состиып тұрып қалған ана «Майра, сақ бол! Бармашы, әрі қарай, газ тетіктері қосулы ғой» деп айғайлаған көршілерінің дауысын естіп қана есін жияды.

Ауылдасының басына түскен ауыртпалықты көрші, жерлестері бірдей көтергенін айта кету керек. Аз ғана уақыттың ішінде жинала қалып, бірі телефонмен ауыл әкімшілігіне, ауыл тұрғындарына хабарлап жатты. Ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айбат Сүндетов те осы жерден табылып, Тайпақ ауылынан өрт сөндірушілерді шақыртады. Сыртан келетін көгілдір отын желісі ажыратылады. Тракторына жұмысшысын мінгізіп, өзі де жетіп келген жергілікті «Балауса» шаруа қожалығының иесі Қуан Садықовтың да көмегі зор болды. Тайпақ ауылынан жеделдете жеткен өрт сөндіру мекемесінің жігіттерімен бірге ауыл ел азаматтары жұмылып, өртті сөндіруге кірісті. Осы мекеменің басшысы Ғани Нұрғалиевтің өзінен бастап барша өрт сөндірушілерге, қиындықта жалғыз қалдырмаған ауылдастарына Майра апаның айтар алғысы мол.

Үйдің ішін түгел жайлаған өртпен арпалыс төрт сағаттың үстіне созылады. Бұл баспананы аман алып қала алмағанмен барын салған жұртшылықтың ендігі ойлары – үш пәтерлік баспананың басқа пәтерлерін сақтап қалу. Әупірімдеп сол пәтерлерді тілсіз жау шарпымастан бұрын сөндіргенімен, ортада тұратын көршісі Мерген Бисенғалиевтің үй ішін түтін басып, ыс сіңіп, төбелері зақымдалған.

Бүгінде Майраға қолдан келгенше көмектесіп, жанып кеткен дүниесінің орнын толтыруға ауылдастары барын салуда. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей, барын қолына ала жүгірген ақкөңіл алмалылықтар әлі де  көмектеспек ниетте. Айдың күні аманында баспанасынан айырылған анаға өз ағайындарынан бөлек жаны ашыған ниеттес жандар қаражатпен қолдау көрсетіп жатыр.

Алмалыдағы осы оқыс жағдайды естіген біз Майра апамен хабарласып, жүздестік. Бар болғаны жарты күнде баспанасынан айырылған үй иесі көзіне жас ала отырып, былай дейді: «Үйім өртеніп кетеді-ау деген ой үш ұйықтасам, түсіме кіріп көрген жоқ. Жолдасым Виталий көп жыл ауылда электрик болып, еңбек етті. Осыдан екі жыл бұрын өмірден озды. Бес перзентімнің төртеуі өз алдына отау құрып, бөлек тұрып жатыр. Қолымда қызым Татьяна мен кішкене жиенім ғана. Сол қызымды оқытып, азын-аулақ мал ұстап, тірлік етіп жатқан жайым бар. Ұл-қызды өсіріп, қатарға қосу үшін талпынып, өмірдің небір қиыншылықтарына қарсы тұруға тырысқаным көпке аян. Бір кездері ауылдық әкімшілікте еден жуушы болып, жұмыс жасағам. Ол кезде балалар кішкентай еді. Берірек келе мектеп балабақшасында осындай қызмет атқардым. Жұрт қатарлы үй ішін жиhазбен әрлеп,  теледидар, асхана жабдықтарын, мұздатқышымды сатып алдым. Енді, міне, мына бір тосын жай соның бәрін төрт сағатта күлге айналдырды. Ең өкініштісі, керек құжаттарымызды алып шыға алмадық, қазір оларды қайта жасақтау үшін аудан мен екі ортада шапқылап жүрмін.

Татьяна қашықтан білім алған кезде қажет болып, су жаңа ноутбук пен принтерді несиеге алғанмын. Олар да, несиенің қағаздары да түгел өртеніп кетті. Алланың бергені шығар, түнде үйде қонатын едік, өрт сол кезде шыққанда, аман қалар ма едік. Осыны ойлап та шүкіршілік етемін. Дегенмен пенде болғасын, баспанаңнан, жиған дүниеңнен әп-сәтте айырылған қиын екен. Осындайда жанымнан табылып, қолдау көрсеткен жерлестеріме басымды иіп, алғыс айтамын. Қас пен көздің арасында болған оқиғада кімдердің келіп, кімдердің кетіп жатқанын да аңғармаппын. Әйтеуір толып келіп жатты. Қолдарынан келген көмектерін аямады. Біреуі ыдыс-аяқпен көмектесіп жатса, біреулері басқа да тұрмысқа керекті заттарды әкеліп, жәрдем етуде. Мысалы, ауылымыздың азаматы Азамат Байменов деген жігіт күні кеше ғана аулама бір қойын жетелеп келіп тұр. «Апа, аз да болса көптей көр» дейді. Әңгіме көмектің аз-көбінде емес, адамның ниетінде екенін басыма қиындық түскенде түсіндім. Мұндай ауыр жағдай ешкімнің басына түспесін. Бүгінде кіріп шыққан сайын көз алдымда үйіндіге айналған баспанамның орынын тазартуға күшім жетпей жатыр, соған да  жақсы адамдардан көмек болса, жақсы. Бұл да бір Алланың сынағы шығар. Бастысы, ел аман болсын, «Елде болса, ерінге тиеді» деген.

Көзіне үйірілген жасты сілкіп тастап, болашаққа сеніммен қараған, ауылдастарынан алғысын аямаған қарапайым қазақ әйелінің қайсарлығына таңғалмасқа болмайды. Ауылдастары бастап, Майра апаға қолдау көрсету үшін игі бастаманы қолға алыпты. Үй иесінің атына ашылған банк шотына қаржы салып, бүгінде сол шотта 800 мың теңгедей қаражат жиналды. «Көп түкірсе көл», «Теңіз тамшыдан құралады» деген бар, жесірі мен жетімін жылатпайтын ағайын елі барда бұл қиындық та еңсеріліп, жоғалғанның орны толар. Бұл күндер де көрген түстей ұмытылар. Тек баршамыз жұмылып, көмек көрсетуіміз керек. Біздің редакция ұжымы да өздерінің көмегін аямайды. Өзгелерді де сауапты істен шет қалмауға шақырамыз. Осыған дейін де елдігімізді, бірлігімізді танытқан ақжайықтықтармыз. Бейбіт күнде  тілсіз жаудан зардап шеккен отбасына көмек көрсететін мейірімді жандардың көптеп табылатынына сенім мол.

Әсет Бисенғалиев,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале