29.09.2020, 10:12
Оқылды: 30

Ауырып ем іздегенше...

Жақында Достық ауылдық округіндегі күрделі жөндеуден өткен медициналық ғимараттың қазіргі жағдайымен танысып қайттық. Біздің келгенімізді естіп, Тасқала аудандық ауруханасының бас дәрігері Мақсат Оразбаев та сол жерден табылды. Іші-сырты келісті жаңа ғимаратқа құтты болсын айтып, Мақсат Жүнісәліұлына медицина саласына қатысты сұрақтарымызды қойған едік.

Auruxana (2)

– Негізінен, күрделі жөндеу жұмыстарына «РЭМ ЭнергоСервис» ЖШС мердігер компаниясының жұмысшылары кіріскен болатын. Онымен жөндеу жұмыстары басталған кезде ғимарат қабырғасының тозып тұрғанына көздері жетіп, іргетасынан бастап тұрғызамыз деп шешім қабылдады. Ғимараттың кейбір жерлері кезінде соқпа тастан салынғандықтан, үгіліп тұрған болатын. Ал қазіргі жағдайы өздеріңіз көріп тұрғандай өте керемет. Аталмыш мердігер компания күрделі жөндеу жұмыстарына мамыр айының басында кірісіп, тамыз айының аяғында аяқтап берді. Жеті жұмыс бөлмесі бар. Қызметкер саны – 4. Күрделі жөндеу жұмыстары үшін қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. Негізінен, ауданымызға қарасты үш фельдшерлік-акушерлік пункт және бір дәрігерлік амбулатория осы жылы күрделі жөндеуден өткізілді. Ғимараттың жылыту қазандығы да жаңартылды. Бұл ауылда айтарлықтай аса ауыр науқастар жоқ. Бірақ қан тамыр жүйесі, тыныс алу жүйесі және маусымдық аурулар кездеседі. Олардың барлығы да дәрігерлердің жіті бақылауында.

Auruxana (1)

Жөндеу жұмыстарына келетін болсақ, алдағы жылы екі фельдшерлік-акушерлік пунктті күрделі жөндеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол Атамекен және Оян ауылдық округіндегі ғимараттар. Күрделі жөндеуді талап ететін медициналық пункттер әлі де бар. Бірлік ауылындағы медициналық пункт арнайы комиссияның шешімімен апатты жағдайда деп танылды. Ондағы дүние-мүлікті уақытша орналастыратын ғимарат іздестірудеміз.

Бір адамнан оң нәтиже шықты

Жалпы, аудан бойынша бұған дейін 246 адам COVID-19- ға оң нәтиже көрсеткен болатын. Соның ішінде 245 адам жазылып, есептен шығарылды. Өкінішке қарай, төрт науқас көз жұмды. Қазіргі таңда бір ғана адамнан оң нәтиже шығып, ол Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. Пандемиямен күрес мақсатында өткен сәуір айында Ресей елімен шекаралас аймақ болғаннан кейін, шекарамызға үш блокбекет қойған едік. Сол жерде медицина қызметкерлері аяғынан тік тұрып тынымсыз қызмет етті. Сол бойда біздің шекарамыздан өткен шетелдік азаматтар екі күндік карантиндік стационарға жатқызылуға тиіс болатын. Шекара бекетінен өткен 912 адам сол жерде тексерістен өткізілсе, кейін аудандық ауруханадан 15 орынға провизорлық стационар ашылды. Сол кезден бастап COVID-19 жағдайын жоққа шығармайтын басқа да ауру түрлері анықталған науқастар үшін 41 төсек орынға дейін ұлғайтылды. Максималды 62 науқасқа дейін жатқызылды. Төрт дәрігер, 16 орта буынды медициналық персонал және 16 кіші медициналық қызметкер тұрғындарға қызмет көрсетті. 25 тамыз күні аурулардың азаюына, тіпті болмауына байланысты аталмыш провизорлық стационар жабылды. COVID-19-ға қарсы қызмет еткен медицина қызметкерлерінің барлығы да арнайы заң талаптарына сай үстеме ақыларын тамыз айына дейін алып үлгерді. Біздің аймақ екінші деңгейлі қауіпті провизорлық стационарға жататын болғандықтан, әрқайсысына 425 мың теңге көлемінде төленген болатын.

Індеттің бетін әрмен қылсын

Екінші толқын жөнінде айтатын болсақ, әлемдік статистикадан ешқашан асып кете алмаймыз. Сақтық шараларын әрдайым берік ұстап отырмыз. Індеттің келесі толқыны келеді деген күмән де жоқ емес. Біз оған толығымен дайынбыз деп айта аламыз. Өйткені медициналық мақсатта қолданылатын бұйымдар, дәрілік препараттар сатып алынды. Кейбір қажетті нәрселер жоспарға қойылды. Ол енді арнайы кесте бойынша ауруханамызға жеткізілетін болады. Қазіргі уақытта сегіз боксты тұрақты оттегі көзімен қамтамасыз еттік. Бір бокста тұрақты екі оттегі көзі болады. Сонымен қатар оттегілік концентраторлар да бар. Және бір реанимациялық палата мен өкпені жасанды желдету аппаратымен жабдықтадық. Оттегі балондарын тұрақты түрде ауыстырып, оларды толықтырып тұруға арнайы мекемемен келісімшарт жасалды. Аталмыш мекеме тәулік бойына бізге қызмет жасайтын болады. Жалпы, аудан бойынша бір аудандық аурухана, үш дәрігерлік амбулатория, бес фельдшерлік-акушерлік пункт және 11 медициналық пункт халыққа қызмет етеді. Қазіргі таңда Жігер елді мекеніндегі пункт жабылады деп отырмыз. Себебі арнайы заң талабы бойынша аталған елді мекеннің халық саны аз немесе жеткіліксіз болса, онда ол жердегі медпунктті жабуға тура келеді. Мысалға, халық саны елуден асатын болса, онда ол жердегі медициналық пункттің жұмысын жандандыруымыз керек. Тұрғындар саны 800-ден асса, ол жерге фельдшерлік-акушерлік пункт ашуымыз керек болады. Ал халық саны 1500-ден асатын болса, ол ауылға дәрігерлік амбулаторияның әбден керек екендігі айтпаса да түсінікті. Сөз басында айтып өткеніміздей, Жігер елді мекеніндегі халық саны тым аз болып тұр. Бірақ жабу жұмыстары биыл атқарылмайды.

Auruxana (3)

Маман тапшы, бірақ тиімді жолы бар

Маман тапшылығына келер болсақ, реаниматолог дәрігер жоқ. Одан кейін акушер-гинеколог дәрігері мен невропатолог дәрігері бала күтіміне байланысты демалыста, ал ЛОР дәрігері мүлде жоқ. Мердігерлік келісім бойынша облыстық көпбейінді аурухана мен қалалық ауруханалармен шарт жасасып жатырмыз. Ультрадыбысты зерттеу аппаратын жүргізетін дәрігермен аптасына бір рет ауруханамызға келіп, қызметін көрсететін болып, келісімшарт жасадық. Сонымен қатар эндокринолог дәрігермен де келісудеміз. Жоспарлы түрде оперативті ем жүргізу үшін облыс орталығындағы хирург маманы да келуге ниет білдіріп отыр. Аудан халқы облыс орталығына барып, күн ұзағына кезекте тұрмасын деген ниетпен осындай игі жұмыстарды қолға алдық, – дейді аудандық аурухана басшысы Мақсат Оразбаев.

Ауданымыздағы бас дәрігеріміздің берген мәліметі осындай. Өздеріңіз байқағандай індет өршіген кездегі дәрігерлердің еңбегі ұшан-теңіз. Айлап үйлерін көрмей, науқастарға аяғынан тік тұрып қызмет еткен ақ халатты абзал жандарға әлі де жақылық ойлар болсақ, сақтанып жүрейік, ауылдастар!

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале