11.07.2023, 17:30
Оқылды: 55

Ауыз судың қуанышы су сепкендей басылмасын

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев Жәнібек ауданына жұмыс сапарымен келді. Осыған дейін елдің мұңын мінберден жеткізіп жүрген депутат қарапайым халықтың ортасында пікірлесіп, базынасын тыңдап, жүзеге асуына септігін тигізіп жүр. Облыс аудандарының тұрмысымен танысқан сапары біздің ауданның Еңбекші елді мекенінде жалғасты.

IMG_1267

Алыстан ат арытып келген халық қалаулысын аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Біржан Қуанәлиев, Күйгенкөл мен Ұзынкөл ауылының атынан сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Мөлдір Әбдірешова және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Манарбек Әдиев ауыз су құрылысы жүріп жатқан нысаннан қарсы алды.

 IMG_1298

Бірден ел екі көзі төрт болып асыға күткен тіршілік көзінің құрылысын тексеруге кіріскен Нартай Аралбайұлының көңілі көншімеді.

Нақтырақ айтсақ, су құбырының құрылысы сәуір айында басталды. Ол қуанышқа біз де елмен бірге бөркімізді аспанға атып асыр салдық. Неге десеңіз, су – ең басты ресурс. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмай тұр. Құжат бойынша қыркүйек айының он бесінде сапалы түрде мәресіне жетуі тиіс. Дегенмен жұмыстың сылбыр жүргеніне қарап, құжаттағы уақытта аяқталады деп кесіп айту қиын.

Тінін тарқатсақ, мердігер «Engineering and construction group» алғашқыда жауапкершілікпен кіріскен ісінде шикілік бар. Аталмыш құрылысқа 166 228 020,9 теңге бөлінген. Демек, мәселе ақшада емес. Ел игілігі үшін басталған істің аяғын сылтып басып тұрғанына сылтау да айтылды. Нысандағы жұмысшылардың басшылары сол жерден табылғанымен, негізгі мердігер басшысы Ақтөбе қаласында. Ол өзінің жұмысын қосалқы мердігерге тапсырған. Айтқандай, Талғат Жантұрған мен Ерболат Тәмпішов құрылысқа қажет құмды алып келу жолында көп кедергілер бар екенін алға тартты. Жолдың жайын бір, көліктің жайын бір шалған олардың сылтауын негізсіз санаған мәжіліс депутаты:

 - Жұмысты оңды-солды алып алмас бұрын қай жерге бара жатқандарыңызды қарап алу керек. Сондықтан бұл жалтаруларыңыз орынсыз. Әсіресе су құрылысы бей-жай қарауды көтермейді. Оның артында халық бар. Егер жұмыс осылай жалғаса берсе, мердігермен келісімшартты бұзып, жедел іске кірісу керек, - деп қадап айтты.

 Басты мәселеге бармақ басты, көз қысты қарамаған ол аудан тұрғындарын жеке қабылдады. «AMANAT» партиясы Жәнібек аудандық филиалының мәжіліс залына кезекпен кірген қауымның айтары көп болды. Алдымен депутат облыстағы түйткілдерді атап өтіп, Мәжіліс қабырғасында жасалған жұмыстарға тоқталып, партияның бағдарламалары жөнінде сөз қозғады.

IMG_1335

Кездесуге көпбалалы аналар мен атаулы әлеуметтік көмектен қол үзген жандар көп келді. Тиынды тиынға соғып, екі қолға бір күрек таба алмай сенделгендердің һәм денсаулығы жұмысқа жарамайтын тұрғындардың да қарасы көп болды. Аз қамтылған, жартылай жетім яки жетім, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жалғыз басты аналар, І, ІІ топтағы мүгедектерге мемлекет қолұшын созып, баспана берген болатын. Сапасы сын көтермейтін үйді жөндеуге қауқарсыз олардың жанайқайын ден қойып тыңдаған ол бақылауды Тахир Зинұрұлына тапсырды.

Одан өзге көкейдегі сұрақтарын қойған халық «Ауыл аманаты» жобасы мен «Дипломмен ауылға» бағдарламаларына жан бітіріп, қайта қарау туралы ұсыныстарын айтты. Ауылдың дамуын алға сүйрейтін кәсіпкерлікті дамыту жөнінде сауалдарын ұсыныс арқылы жеткізген тұрғындардың арман-қалауы биік екені байқалды.

Жастарға қолдау керегін тап басып айтқан Мөлдір Әбдірешованың қынжылғанын мәжіліс депутаты бірден түсінді. Себебі қандай ауданды алсақ та, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мамандарының жалақасы тым аз.

Сұрақтар легі әлі де өзекті жарық, су, жер, киік мәселелеріне ұласты. Жеке бас пен ортақ ауданға қатысты сұрақтарға аудан басшысы Тимур Серікұлы мен Нартай Аралбайұлы толыққанды жауап беріп, айтылған өтініш жерде қалмас үшін электронды жолдауды өтінді.

Әлібек Қаржау,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале