17.05.2023, 12:45
Оқылды: 26

Ауыз сумен көлік жуу заңды ма?

Жайлы тұрмыс, заманның игіліктері қазір жымпитылықтар үшін де қолжетімді. Тез дайындалатын астар тапсырыс берсеңіз үйіңізге жеткізіледі, сауданы онлайн жасаймыз. Тіпті, әкім-қаралардың да алдына бармай, мәселені үйде жатып, телефонмен айтатын күйге жеттік.

ad49b7bd-94fa-45bb-ab29-fd5ff2894128

Көлік жуу орталықтары да заманның тиімді қызметі. Қолыңды суық суға малудың, киіміңді сулап, бүлдірудің қажеті шамалы. Орталыққа кіргіз де, іші-сыртын жуғызып, еңбегін төлей сал. Өзіне қызмет көрсететін жуу орталықтарына барсаң да ыңғайлы, қарқынды сумен көлігіңді лезде шайып аласың.

Қазір аудан орталығы Жымпитыда төрт көлік жуу орны бар. Тұрақты жұмыс жасап тұрғаны – екеу. Енді сұрақ? Көліктерді қандай сумен жуып жатыр? Біз ішетін, тұтынатын ауыз сумен жуып жатқан жоқ па?

ҚР Үкіметінің 2012 жылы 17 қаңтарда шыққан №93 қаулысы бар. Қаулыда ғимараттар мен құрылымдарға және олардың санитарлық қорғау аумақтары үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптар белгіленген. Автокөлік жуу қызметі де осы талапқа бағынуға міндетті. Ашып айтқанда, көлік жуу орталығының техникалық талабында ғимаратты су жүйесімен жабдықтау үшін суды тазартып, кері айдау құрылғысы міндетті  болуы тиіс. Міне, біздің ауданда техникалық талап бұзылып, ауыз су тікелей көлік жууға пайдаланылып жатыр. Заң бойынша пайдаланылған су қайта өңделіп, қолданылуы тиіс.

Мен аудандық мәслихаттың сессиясында да, Өлеңті ауылындағы есептік жиында да бұл мәселені Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің алдында көтердім. Енді нақты шара керек!

Су – байлық. Кеңащыдан Жымпитыға су тарту үшін республикалық, облыстық қазынадан миллиардтап қаражат жұмсалды. Сондай еңбекпен, сондай шығынмен келген суға неге көлік жуамыз?

Жергілікті билік ауыз суды ысыраптауға жол бермесе екен. Мал суару үшін үйіндегі есептегішті айналып өтіп, қоражайына тікелей құбыр тартатын ағалар да ойланса екен. Ұрпаққа не қалдырамыз? Ішінде суы жоқ бос ыдыс қала ма артымызда?

Батырхан Нухиев,

аудандық мәслихат депутаты

Сырым ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале