22.05.2021, 20:12
Оқылды: 88

«Автобусқа адам сыймайды, қалаға қалай барамыз?!»

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ баспасөзінің ұранына айналған «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзі бар. Жаңақала ауданының айнасы «Жаңарған өңір» газеті халықтың мұң-мұқтажын айтып, мәселелерін қозғап келеді. Аудан халқының сеніміне ие болған газетіміздің жаңа санында да тағы бір мәселені қаузамақпыз.

1543984953_article_bАуыл тұрғынының базынасы

Кезекті қызу жұмыс күнінің бірінде Жаңақала ауылының тұрғыны Абзал Ғұбайдуллин редакциямызға келіп, аудан тұрғындарын алаңдатып отырған күрделі мәселені айтып берді. Мәселені атқарушы билікке жеткізіп, түйткілдің түйінін тарқатуымызды сұрады. Мәселенің мәнісі былай. Қазір бензин қымбат. Соған байланысты қалаға жүретін таксилер де жолақысын шарықтатып жіберді. Ал Жаңақала–Орал бағытына қатынайтын қоғамдық көлік біреу ғана. Оған адам жылдам толады да көбі сыймай қалады. Іші лық толы қоғамдық көлікке сығылысып мінуге тырысады. Үлгермесе, таксиге отыруға тура келеді. Алайда оған барлығының бірдей қалтасы көтермейтіні анық. Сондықтан олар Жаңақала–Орал бағытына жүретін автобусқа тұрақты билет сатылуын талап етеді.

- Орал–Жаңақала бағытындағы таксидің бағасы 2500 теңге болып өскеннен бері біраз мәселе туындады. Оның алдында да жол қатынасы төңірегінде шешілмей жүрген күрмеулі мәселелер бар еді. Жаңақала–Орал бағытында жүретін автобусқа арналған аудан орталығынан билет сатуды жолға қою қажет деп санаймыз. Осы мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай отыр. Автобустың алғашқы аялдамасынан бастап, адам толып қалады. Ал соңғы аялдама – «Бәйтерек» дүкеніне жеткенде ішінде орын жоқ. Таңғы сағат 6.00-де жүретін автобус үшін ерте тұрып, сағат 5.00-ден бастап күткенде орын болмай, жаутаңдап қаламыз. Тіпті кейбіреулері сыймай, орта жолға дейін тұрып барады. Халықтың көбі диспетчер қою керек деп жатыр. Ол болмаса да, түрлі онлайн бағдарлама қарастырса жақсы болар еді. Сондай-ақ аялдаманы да нақты жерлерге қойғаны дұрыс. Осы мәселе төңірегінде әзірге жүйе жоқ. Әлде немқұрайлылық па?! Билет сатқандары да түсініксіз. Орал қаласында сатылады да, бізден қалаға баратын автобусқа билет сатылмайды. Қоғамдық көлік қозғалысының жүйеге келмеуі осынау көркейіп, дамып келе жатқан үлкен ауданымызға сын деп ойлаймын. Көпшілігі екі автобус керек деп айтады. Алайда біреуін оқсата алмай жатқанда екеуі қиындау болар. Сондықтан қазір бізге керегі – билет сатуды қолға алып, халықтың автобусқа бір жерден отыруын ұйымдастыру. Немесе аялдамаларды нақты белгілеп қою қажет, - дейді Абзал Аманжолұлы.

Таңғы алтыдан бастап жүретін автобус Жаңақала ауылындағы бекеттен шығып, сағат онда Оралда болады. Ал Оралдың автобекетінен 15.30-да шығып, қаладан Жаңақалаға сағат 16.00-де аттанады. Күн сайын жүретін қоғамдық көлік 45 жолаушыны тасымалдайды.

- Аудан əкімінен үлкен қолдау күтетін жағдай: ауылымыз үшін ғана емес, жалпы аудан тұрғындарын қамтитын Жаңақала-Орал бағытындағы автобустармен қамту қажеттілігі туындап отыр. Бірінші қажеттілік – автотұрақ салу, жасақтау (жылыжай, касса, орындықтарымен). Екіншісі – екі мезгіл қарама-қарсы бағыттағы қатынасты дамыту. Үшіншісі – халыққа қолайлы уақытты белгілеу. Жанармай бағасы қымбаттауы салдарынан халықтың мұқтаждығы артуда. Мысалы, бір үйден бірден үш-төрт адам қалаға баратын болса, такси бағасы – 2500 теңге. Бару-келуі əр адамға 5000 теңгеден келсе, төрт адам 20 000 теңгені тек жолына жұмсамақ. Əрине, əр отбасының қаражаты тұрақты емес. Әсіресе, аз қамтылған отбасы үшін тым қатал нарық заманында жолақының өзі қалтаға біраз салмақ екені түсінікті. Ал таңмен таласа тұрып, түрлі ауа райына шыдап, сарыла күткен еңбегіне автобусқа міне алмай, сыймай қалып қойып жүрген адамдар ызасы, сенделген халықтың кімге шағымданарға білмей налуы өте ауыр екен. Сол себепті елдің өтініш-сұранысын әкімдік назарға алып, бізді қуантарлық жаңалық айтады деп ойлаймыз, - дейді ауыл тұрғыны Мариям Иманғалиева жауапты адамдардан үмітін үзбей.

Бейбіт елде өмір сүріп жатқан тұрғындардың бейнетін айтып, жауапты мекемеге бас сұғып, тұрғындар қаузаған мәселені жеткізіп, жауабын біліп қайттық. Аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанғали Мұратовтан сұрағанымызда, қоғамдық көліктің басшылары Орал қаласында екенін айтып, телефон арқылы хабарласып, халықты толғандырған сауалды жеткізді. «Қазақстан Елім» ЖШС директоры Камила Қуанқызы былай деп жауап қатты:

- Аялдама бізде 2012 жылдан бастап тұрақты белгіленген. Сіз айтқан келесі мәселе бойынша мен билетті онлайн түрде жасауды жоспарлап жүрмін. Ал екі мезгіл қарама-қарсы бағыттағы қатынас, яғни екінші автобус шығарылмайды. Себебі қазір жүріп жатқан кездің өзінде бізге субсидия өте аз бөлінеді. Мысалы, біз 1000 адаммен жүрсек, тек 300-400 адамға ғана субсидия төленеді. Екі автобус шығаратын болсам, мен шығынға батамын. Халықтан түскен ақша жанармайға, тіпті жүргізушінің жалақысына да жетпейді. Ал субсидиядан алған ақшаны жүргізушіге, несиемді өтеуге және автобус сынған жағдайда оның құралдарына төлеймін, - деді ол.

Осы кезде Жанғали Есқалиұлы «Қарама-қарсы бағытта қатынайтын екі автобус шығаруға энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына хат жазып, ұсыныс тастасақ, шешімі табылар» деген ұсынысын айтты.

- Егер олар бізге қосымша субсидия төлеп, Үкімет тарапынан қолдау жасалса, әрине, болады. Егер 1000 адамның ақшасын төлеп отырса, мен баяғыда-ақ бұл істі қолға алар едім. Ал онлайн билет алу мәселесіне келер болсам, жақында басқа ауданда да осы мәселе көтерілді. Сол жағын шешуді ойластырып жатырмыз. Арнайы бағдарлама жасау үшін 2 миллион теңгедей қосымша қаражат кетеді, - деді Камила Қуанқызы.

Сөз соңында Жанғали Мұратов «БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне халық тарапынан келген ұсынысты жеткізіп, хат жазатынын айтты. Одан соң қалай жүзеге асып жатқандығын, шешімін бізге жеткізетінін тілге тиек етіп, шығарып салды.

Түйін: «Ауылы бірдің – ауызы бір» демекші, бір ауылда ғұмыр кешіп отырғасын барлық тұрғынның жағдайы жақсы болса екен деген ниет бізде. Біздің қолдан келетіні – елдің мұңын, халықтың жанайқайын баспасөз бетінде көтеру. Жерлестеріміздің өтініштерін аяқ асты етпей, қолға қалам алып, барымызша жеткізуге тырыстық. Ендігі кезекте осы мәселеге жауапты басшылар, құзырлы мекемелер, бұл түйткілді тез арада шешіп, тұрғындардың талап-тілегін ескереді деп сенеміз.

Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы

Сурет egemen.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале