19.11.2021, 11:00
Оқылды: 73

Аялдама керек-ақ

Таңертең жұмысқа келе жатқанда көше бойына жиналып тұрған оқушыларды көзіміз шалады. Бәйтерек ауданы «Мұнайшы» шағын ауданындағы «Нұржол» дүкенінің алдында, Переметный ауылындағы «Офелия» дүкені жанында жиналған оқушылар мектеп автобусын күтіп тұрады. Ойын баласы болған соң бір орында тұра ма? Бірін-бірі қуалап, асыр сап ойнап жатады. Кейде ойын қызығына түсіп, жол бойына шығып кететінін де көз шалды. Жаздың ыстығында да, күздің қара суығында да жүреді оқушылар. Тасымалданған әрине жақсы. Десе де балаларды қыстың желі мен күннің ыстығынан қорғайтын арнайы аялдама болса, нұр үстіне нұр болар еді.

21

Бұл мәселені тек біз емес, редакцияға хабарласқан ата-ана да көтерді. Бәйтерек аудандық білім беру бөліміне хабарласып, аталған мәселені сұрағанымызда, қазіргі таңда еңбек демалысында жүрген бөлім басшысы Серік Сафиуллин бұл жайт көптен бері айтылып келе жатқанымен, шешімін таппай отырғанын жеткізді.

Негізінен автобуспен Қасым Аманжолов атындағы мектеп оқушылары тасымалданатын болғандықтан аталмыш мектепке хабарластық. Бізбен тілдескен мектеп басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Салимова аялдама мәселесі жыр болғанын айтты.

18

-Оқушылар тұратын аялдаманың керек екенін бірнеше жылдан бері көтеріп келеміз. Ата-аналар да айтудан кенде емес. Біраз жыл бұрын аудан әкімдігіне хат жолдағанбыз, одан кейін аудан басшысының екі орынбасары ауысты. Ал аялдама салынбады,-дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Салимова.

  Аталған жайт автобус жүргізушісін де толғандырады. Көбіне рейстерін таңда және іңірде жасайтын автобус жүргізушісі Александр Бойконың айтуынша,оқушылар тар көшеге сыймай, жол үстіне шығып кетіп жатады екен.

-«Офелия» дүкені, «Жеңіс» кинотеатры, «6», «Ручеек», «Алихан» дүкендері, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қасындағы оқушылар жиналатын орынға аялдама сұранып тұр. Өйткені ол жердегі жол тар, автобус тоқтаған кезде қарсы көлік өте алмай қалады. Жай аялдама емес, ішкері өтіп, басқа машиналарға кедергі етпей тоқтауға мүмкіндік жасалса тамаша болар еді,-дейді мектеп автобусының шөпірі Александр Бойко.

Ал мектепке бала таситын екінші автобус жүргізушісі Тұрарбек Кенжалиев көлік тізгіндеген тұрғындар да балалар жиналған орын жанынан өткен кезде жылдамдықты бәсеңдетсе екен дейді.

Жаңа ауылішілік жол салынғалы көлік рөліндегі көп адам жылдамдықты тым асыратынды шығарғаны рас. Оны қарапайым тұрғындар да растайды.

19

-Мен көбіне «Мұнайшы» шағын ауданы жағына жүремін. Ол жақтың көшелері кең әрі арнайы қарастырылған орындарға тоқтаймын. Десе де аудан биік жерде орналасқандықтан көбіне жел есіп тұрады. Автобусқа бастауыш сыныптағы балалар мінетін болғандықтан, олардың желге қарай алмай, тоңып тұрғанын байқаймын. Сол себепті де аялдамалар керек-ақ. Осы күні «Пит Стоп» жанармай құю бекетінен асар жерге де оқушылар шығып тұрады. Облыс орталығына қарай шығар жол болған соң, ол жердегі көлік ағыны көп. Сондықтан ол орынға да көңіл бөлінгені абзал,-дейді шөпір Тұрарбек Кенжалиев.

Оқушыларды да аялдаманың жоқтығы алаңдататын секілді. Қасым Аманжолов атындағы мектептің 11-сынып оқушысы Назар Силыбаевты сөзге тартқанымызда ол жоғары сынып оқушылары бір ретін табатынын, ал автобус күткен бастауыш сынып оқушылары суық күндері бүрсең қағып, тоңып қалатынын айтты.

-Біз тұратын «Мұнайшы» шағын ауданы биікте орналасқандықтан болар, әйтеуір қысы-жазы жел болады да тұрады. Жазғытұрым шақта ол кедергі туғызбағанымен, қыста ық іздеп, дүкен бұрышына тығыламыз. Жан-жағы қоршалған, төбесі жабық аялдама болғанын қалаймыз,-дейді Назар.

Ел шулап, мектептің бас ауруына айналған мәселенің мән-жайын білмек оймен аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бардық. Бізді қарсы алған аталмыш бөлімнің бас маманы Назгүл Абдулхаликова ауыл көшелеріне аялдамалар орнату мәселесі көптен бері көтеріліп отырғанын және басшылықтың бақылауында тұрғанын жеткізді.

20

-Осы кезге дейін аудан орталығына 3 аялдама орнаттық. Олар адам көп шоғырланатын жерлерге қойылды. Оған қажетті қаражаттың барлығын демеушілер берді. Мектеп оқушылары жиналатын орындарға аялдама орнатуға үшін қаражат тапшы болып отыр. Мүмкіндік болған кезде бұл мәселелер біртіндеп шешіледі,-деді аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Назгүл Абдулхаликова.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале