18.03.2026, 16:45
Оқылды: 50

Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Жаңақала ауданында тағылымды мерекелік іс-шара өтті

Бүгін Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебінің алаңында көктем мерекесіне орай «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» атты тағылымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

image-18-03-26-03-16

Концерттік бағдарламаға аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев, орынбасары Руслан Ғұмар, білім беру бөлімінің әдіскері Жадыра Төлеуғалиева, Жаңақала ауылдық округінің әкімі Абат Ишанов, мектеп директоры Бегайым Есенғалиева және ауыл ардагерлері қатысты. Алпамыс Жаңабайұлы жиналған қауымды Жаңа жылдың бастауы – әз Наурызбен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ ардагер ұстаз Тамара Сатыбалдықызы сөз алып, жылы лебізін білдірді.

image-18-03-26-03-16-1

Мектеп алаңында ұлттық нақышта безендірілген киіз үй тігіліп, дастарқан жайылып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы кеңінен насихатталды. Сонымен қатар қазақы қонақжайлықтың белгісі ретінде келген меймандарға ақтан ауыз тигізіп, дәмді бауырсақтар таратылды. Сахна төрінде халқымыздың салт-дәстүрлері көрініс тапты. Бұл қойылымдар адам ғұмырының әрбір белесін маржандай тізіп шықты. Сәбидің іңгәлаған алғашқы үнінен бастау алатын «Бесік той», қаз-қаз басқандағы «Тұсау кесу», ер жігіттің алғашқы қадамы – «Сүндет той», жастықтың жалынындай «Ақсүйек» ойынымен жалғасты. Ал соңы бойжеткеннің жат жұрттық болып, жаңа шаңырақтың табалдырығын «Беташар» жырымен аттауымен әдемі қорытындыланды. Көрерменнің көңілін тербеген «Ақбұлақ», нәрестелік кезеңнің нышанындай «Шілдехана, бесік той» және сәбидің алғашқы қадамына арналған «Тәй-тәй» әндері шырқалып, айнала әсем әуенге бөленді. Нақышына келтірілген «Қара жорға» биі көпшіліктің рухын көтерсе, «Үлгілі Нұрбибі» би ансамблі өздерінің мың бұралған өнерімен сахна ажарын аша түсті. Сондай-ақ балғындардың сүйінші сұрау көрінісі мен жеңгелердің тыштырма таратуы және ауыл ақсақалының бата беруі ерекше әсер сыйлады. Шара соңында өнерпаздар «Наурыз думан» әнін бірге шырқап сахнаның ажарын аша түсті. Думанды кештен қатысушылар мен көрермендер рухани серпіліп, мерекелік шаттыққа бөленіп қайтты.

 

Райхан Амантайқызы,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале