14.03.2024, 9:00
Оқылды: 64

Әз-Наурызды қалай тойлаймыз?

Жан-жағына шуағын шашып көктем де келіп жетті. Алғыс айту күнінен басталып, аналар күніне жалғасқан наурыз мерекеге толы ай десек, артық болмас. Соның ішінде батыста ерекше атап өтетін Амал мен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы да бар. Наурыз – ұлттық мереке.

Наурыз ЖП (3)

Наурыз – қалың қыстан аман шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі. Наурыз мерекесінде көріскен жандар бір-бірін құшақ жая қарсы алып, игі тілегін айтады. Өкпе-ренішті ұмытып, кешіретін ай. Әр жыл сайын аталмыш мереке ауданда жоғары деңгейде өтіп келеді. Биыл да бұл мерекені кең көлемде атап өту жоспарланып отыр. Осыған орай Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиеваға жолығып, Наурыз мейрамын тойлауға арналған жоспармен таныстық.

 – Тойдың болғанынан боладысы қызық деген емес пе? Биылдан бастап жыл басы – әз-Наурызды жаңаша атап өтуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан мерекеге деген дайындықты ерте бастап кеттік. Ұлыстың ұлы күнін тойлауды бұрынғыдай бір-екі күнмен шектеп қоймай, 14 наурыз – Көрісу айтынан бастап, 22 наурыз  аралығында атап өтуді жөн көрдік. Осындай іс-шаралар арқылы біз өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттаймыз. Енді әр күні өтетін іс-шараларға жеке-жеке тоқталатын болсақ. Бүгін – Көрісу күні не Амал мерекесі. Бұл аудан көлемінде жыл сайын атап өтіледі. Биыл дәстүр бойынша аталмыш мерекені әр мектепте одан әрі дәріптеп, іс-шаралар ұйымдастырып, оның маңызына тоқталуды жөн көрдік. Бүгін күні аудан әкімі «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің ұжымымен кездесіп, көрісуді жоспарлап отыр. Одан әрі аудандық мәдени-демалыс орталығында «Әкеден қалған өсиет» атты ұлттық сайыс өткізіледі. Оған отбасындағы ата, әке, бала, яғни үш буын қатысып, қамшы өру, ертоқым жасау сынды қазақтың салт-дәстүріне байланысты сайыста бақ сынайды.

 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күні әр мекеме басшысы мен ұжымдар көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қамқорлық танытып, көмектесу жоспарланып отыр.

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Осыған орай әр мекеме ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық киімдерімізді киіп, ұлттық тағамдарды ұсынатын болады.

17 наурыз – Шаңырақ күні. Бұл – отбасы құндылығын дәріптеу күні. Яғни бұл күні 25, 50 жыл отасқан (күміс және алтын той) отбасылардың жас буынмен кездесуі ұйымдастырылады.

18-19 наурыз – Ұлттық киім мен ұлттық тағамдарды дәріптейтін күн. Осыған орай бұл күні барлық мекеме қызметкері ұлттық киім киюден челлендж ұйымдастырады.

 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні мекеме қызметкерлері арасында асық пен садақ ату, арқан тарту сынды ұлттық ойындардан жарыстар өткізілмек.

21 наурызды Ынтымақ күні деп белгілеп отырмыз.

22 наурыз – Жыл басы күні. Бұл күні алаңға киіз үйлер құрылып, мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Жылдағыдай әр мекеме қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынады. Театрландырылған қойылым қойылады. Мұның барлығы тек той тойлау үшін емес, ұлттық салт-дәстүрімізді кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін қажет. Тойдың басты мақсаты да халқымыздың ауызбіршілігін сақтай отырып, әрқайсысымыздың бойымызға рух беріп, елге, жерге деген сүйіспеншілік сезіміне жетелеуге тиіс. Наурыз жат идеологиялар мен теріс пиғылды ағымдардан қорғайтын ұлттық иммунитетіміздің қалқаны, алынбас қамалы болуы керек, – дейді Саягүл Мәулетқызы.

 

Эльмира Мұқанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале