Сүйінші жаңалық! Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істер комитетінің ұйымдастырумен тоғызқұмалақтан ел чемпионатында жерлесіміз, бөрлілік Азария Хамидуллина ІІ орынды жеңіп алды.
Бұл сүйінші жаңалықты Азарияның бапкері, ауданның тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушысы Сайлан Матылов хабарлады. Аталған жарыс шілде айының 11-17 күндері Шығыс Қазақстан облысының Алакөл ауданында ұйымдасытырылып, турнир тірек-қимыл аппараты зақымданған ересектер арасында өткен. Айта кетейік, 12 жасар Азария бұл жарыстың ең кішкентай қатысушысы болған. Дегенмен ол 70 ойыншы қатысқан жарыста тек қызылордалық Ақбота Қожабековадан есе жіберіп жүлделі екінші орынға тұрақтады. Осылайша Азария спорт шеберлігіне үміткер дәрежесін мақұлдады.
- Қызым №6 мектеп-лицейінде оқиды. Үздік оқушы. Кішкентай кезінен мүгедектігі бар. Өте ақылды. 1 жасынан бастап осы кезге дейін аяғына 6 рет ота жасалса да қиындықты жеңе біледі. Мойымайды. Үнемі көтеріңкі көңіл күйде, өмірге тек жақсы көзбен қарайды. Алға ұмтылады. Ән айтып, сурет салғанды жаны сүйеді. Сайлан Арматұлының жетекшілігіне барып жүргеніне 4 жылдай уақыт болды. Қазіргі жеткен жетістігіне қарап қуанамыз. Биылдан бастап Қарашығанақ спорт кешенінде, №6, №3, №4 мектептердегі дайындықтардан қалмай барып жүрді. Жалпы, қызымның нағашы атасы Ізтұрған Камидуллин Қаратөбе ауданына алғаш тоғызқұмалақ және шахмат үйірмесін ашып, балаларды осы ойынға баулыған адам болды. Әкемнің қабілет-дарыны қызыма дарығанына қуаныштымын. Азарияның арманы асқақ, әлемге қазақтың ұлттық спортын танытқысы келеді. Осылайша ұлттық спорттың дамуына өз үлесімді қоссам деген арманы бар, - дейді анасы Айнұр Хамидуллина.
Биылдың өзінде Азария аудандық облыстық жарыстарда бірнеше мәрте топ жарып, жеңімпаз атанды. Жаттықтырушысы Сайлан Матыловтың сөзінше, Азария аз сөйлеп, көп ойланатынымен ерекше жан. Сондықтан, болашағынан көп үміт күтеді.
- Бұл күміс жүлде біз үшін алтынға тең. Өйткені, Азарияның жасы тек 12-де. Айтпағым, шәкіртім жасөспірімдер немесе жастар арасында емес, ересектердің арасында екінші орын алды. Бұл үлкен жетістік. Демек әрі талай белес бағынады бізге. Ақсайлық шәкірттерімнің біразынан зор үміт күтемін. Соның ішінде 5-6 шәкіртім Қазақстан чемпионаты, Азия жарыстарынан орын алады деген жоспар бар. Бұл енді алдағы 2-3 жылдың еншісіндегі шаруа. Осыған жаймен еңбектеніп келе жатырмыз. Әр жыл сайын ел чемпионаттарынан жеңімпаздар мен жүлдегерлер шығып жатыр. Жалпы жоспар ауқымды. «Ұстаздан шәкірт озар» деген қанатты сөз бар ғой, өзім әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегерімін. Дегенмен мен әлемдік аренада ала алмаған «Алтынды» шәкірттерім алса екен деймін, - дейді Сайлан Матылов.
Жалпы, ауданда тоғызқұмалақ спорт түрі 1999 жылдан бастап жаттықтырушы Айтбай Тастайбековтың бастамасымен дамып келеді. Алғашқы үйірме Кеңтүбек ауылында ашылып, облыстың, республиканың мерейін үстем еткен спортшылар шықты. Баланың сана сезімін, ой өрісін дамытып, төзімділікке, сабырлыққа үйрететін спорт түрімен бүгінде 80-нен аса бала тұрақты айналысады. Бүгінде Айтбай Тастайбеков тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының жоғары санаттағы ұлттық спорт төрешісі болса, Сайлан Матылов Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірінші санатты спорт төрешісі, аға жаттықтырушы. Ауданның тоғызқұмалақ тарихында соңғы он жылдан кейін осымен екінші мәрте спорт шеберлігіне үміткен дәрежесі шықты. Бұл атақтың бірі Азарияға тиесілі болса, тағы бірі былтырғы ел чемпионатында топ жарған Саида Тудахунова еншілеген еді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz