Ауыл мен қазақ – егіз ұғым іспеттес. Ықылым заманнан ірге тартқан ел ырысын айрықша ардақтаған, от ауызды, орақ тілді шешендеріміз «Ауылдасың жақсы болса, ағайының не керек?» деп, қасиетті ұғымның қоғамдағы мәнін жоғары қойған. Ақ жаулықты аналарымыз май шайқап, аталарымыз үйір-үйір жылқысын жусатып, қырына отар-отар қойын өргізген – ауыл. Жаңақазан ауылы тарихы шежірелі сырға толы, қасиетті өңірлердің бірі. Қазіргі жас буын жеткіншектерге үлгі етерлік дәстүрі мен тарихы мол өлке. Қазақ даласында ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болған жерлердің бірі де осы – Жаңақазан ауылы.
Ауыл тарихы – ел тарихы
Тарихи деректерге сүйенсек, 1750 жылдары Қамыс-Самар көлінің жағасына Қазан қаласынан татар ағайындар келіп, Қамыс-Самар көлінің жағасынан село құрылысын бастаған. Осы жылдан бастап қала тәртібімен үй салына бастапты. Қазан губерниясынан көшіп келген қоныстанушылар селоның атын Новая-Казанка деп атаған. Жаңақала орталығы 1962 жылға дейін Жаңа-Қазан селосы болып келді. 1962 жылы «Жаңақала» қой кеңшары құрылып, оны алғашқы боп Серік Иманғалиев басқарды.
Жаңақазан Жаңақала ауданынан оңтүстік-батысқа қарай 63 шақырым жерде, Сарыөзен сағасындағы әртүрлі астық тұқымдас шөптер өскен шалғынды – сортаң топырақты, қуаң дала белдемінде орналасқан. Тұрғындардың жалпы саны - 2357 адам. Жер көлемі 325 мың 256 гектар. Жайылым 57 мың 860 гектар, шабындық 183 мың 73 гектар болса, ауылдық округ бойынша 573 аулада, 602 отбасы тұрады.
«Бірлігі бекем елдің тірлігі мығым»
- 2018 жылы ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су құбыры тартылған болатын. Күні бүгін Жуалыой елді мекенін қосқанда 410 үй ауыз сумен, 413 үй табиғи газбен қамтамасыз етілген. Жыл басынан бері 42 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған.
Қазіргі таңда округте әкімшілік, мектеп, балабақша, мектеп жанынан шағын орталықтар, күндізгі емхана, обаға қарсы күресу мекемесі, электр торабы, ауа райын бақылау бекеті, модельді кітапхана, балалар кітапханасы, мәдениет үйі, «Қазақтелеком» бөлімшесі, «Қазпошта» бөлімшесі, әскери бөлім мекемелері жұмыс жасап тұр. Жаңақазан ауылдық округі әкімі аппаратына жергілікті бюджет арқылы қаралған қаражат есебінен ауыл орталығындағы көшелерді жарықтандыру мақсатында түнгі мезгілде 65 көше шамдары жарық береді.
Жергілікті халықтың негізгі күн көрісі мал шаруашылығымен тікелей байланысты. Округтегі тұрғындар мен шаруа қожалықтарында МІҚ малдарын қоса есептегенде мүйізді ірі қара - 8303 бас, ұсақ мал - 14444 бас, жылқы - 3082, түйе - 135, құс - 1560 бас бар.
Округ бойынша «ҚазАгроҚаржы» арқылы ауыл шаруашылық техникалары жаңартылып келеді. Өткен екі жылда 6 жаңа трактор, бірнеше шөп шабу, буу агрегаттары алынды. 28 шаруа қожалығы құны 72 миллион 957 мың тенгенің күннен қуат өндіретін күн панельдерін алды.
Округ бойынша асыл тұқымды ірі қара малын өсіретін 2 шаруа қожалығы бар. 2020 жылы округке керекті мал азығы дайындалды. Қан алу, мал егу жұмыстары уақытылы жүргізіліп тұрады. Барлығы МІҚ 6151 бастан, ҰМҚ 12550 бас, түйе 107 бастан қан алынып, 47 МІҚ және 1 түйе малы оң нәтиже беріп, түгелдей жойылды.
Округ бойынша мемлекеттен бөлінетін қаражаттан басқа ауыл тұрғындары, мекемелер үнемі сенбіліктер өткізіп тұрады. «Таза жағалау» акциясы бойынша ауыл маңындағы су жағалаулары тазартылды. Зират маңдары, ауыл көшелеріне, мекеме айналаларына сенбіліктер жиі өткізіледі. 2020 жылы М.Жүнісов атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті. Күрделі жөндеу жұмыстарына ауыл тұрғындарынан 33 адам 3 ай мерзімге жұмысқа тартылды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылға кіреберіс жерге қақпа, мектеп қабырғасына латын қарпінде мектептің атауын, «Менің жүрегім – Жаңақазан» сынды композициялық тақталар орнатылды. Мектептің 150 жылдығына орай ауылымыздың «Достар» шаруа қожалығының басшысы Д.Қарағойшин «Алыптар ұшқан алтын ұя» атты кітап шығару үшін 500 мың теңге қаражат берді. Жұмалиевтер әулеті 2 млн. 500 мың теңгеге мектепке мәжіліс залын жасақтап берді. Қазіргі уақытта еліміздегі пандемияға байланысты сақтық шаралары барлық мекемелерде, дүкендерде қадағаланып отыр, - дейді Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Сәкен Ғұбашев.
Сөз соңы:
Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны, азаматына қарап, ауылын таны» деген даналық сөз бар. Шындығында кез келген азаматтың өсіп өркендеуі, кіндік қаны тамған мекенінен басталса, әрбір азамат өз ауылының кескін-келбетін көрсетеді.
Халықтың тілеуі – ел тыныштығы мен жұрт амандығы. Бүгінде жаңақазандықтар сол қалпы тіршілік тінін тарқатып келеді. Бірлігі жарасқан Жаңақазан ауылының әлі де шығар шыңы, жетер жетістігі мол деген ойдамыз.
Жаннұр Берікқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz