БҚО-дағы «Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 30 жыл толды.
«Сәулем, сәулем, сәулемсің» деп шырқата ән салып отырған ақ кимешекті абзал аналар бүгінде мерейтойын атап өтуге осы жерге жиналған. Уақытының көп бөлігін Тасқала аудандық мәдени демалыс орталығында өткізетін әжелеріміздің ермегі де ән айту немесе қолөнермен айналысу.
- Алғашында «Мир» кинотеатрында директор болып жүрген кезімде «Аналар алқасын» құрып жиі бас қосатынбыз. Сол кезде тележурналист, ақын Ботагөз Баймұханқызы ансамбль құру туралы ұсыныс тастады. Кеңінен қолдау табылып «Ақ тілеудің» іргесі қаланды. Басында 8 адам болып құрылған ұжым күн санап артты. Ансамбль болып құрылғандықтан ұлттық киім киюге бел буып, оны қаладағы көп ательенің біріне тапсырыспен тіккізетін болып шештік. Алайда қалалық тігіншілерге кимешектің не екенін түсіндіре алмай кері қайттым. Содан алғашқы үлгісін қағазға түсіріп, өзіміз-ақ жасап шығардық. Қазір шүкірміз, қайта,- деп өткенді еске алды Айсұлу Молдашқызы.
1987 жылы үйірме болып ашылған ансамбль сол уақыттағы, яғни кеңестік кезеңдегі ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімізге жан бітіріп, қайта тірілтті. Ұжым мүшелері тек аудан өңірін аралаумен шектелмей, 1989 жылы Оралда өткен алғашқы «Наурыз-89» мейрамын әнмен ашқан. Тіпті Қаратөбе ауданында болып Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойына қатысып, оның «Айнамкөз», «Зәуреш» секілді әндерін орындап халық көңілін тапқан. Бұнымен де шектелмей ансамбль көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов облыстарына іссапармен шығып, Жамбыл облысында өткен Төле бидің тойына қатысу мүмкіндігіне ие болған. Өнерлері мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ақ тілеу» әжелер ансамбліне 1993 жылы халықтық атағы берілген.
Аталмыш ансамбльге мәдениет саласының майталманы Айсұлу Елжанова 28 жыл бойы жетекшілік жасаса, бүгінде ұжымның тізгінін ұстаз-ана, қазақ тілінің жанашыры Майра Нұрмақоваға тапсырған.
Сондай-ақ шарада ансамбльдің бұрынғы өкілдері болған, алайда өмірдегі дәм-тұзы таусылған З.Ашығалиева, Қ.Шакимова, С.Маштакова, Қ.Жармағамбетова, А.Төкешова, Қ.Ақжолова, Л.Жұмағалиева, Б.Жалқатова мен А.Сапарғалиева секілді өнерлерімен ел ықыласына бөленген аяулы әжелердің есімдері аталып өтті.
Ансамбльдің бүгінгі жетекшісі Майра Әбуқызының сөзіне сүйенсек, ұжымның құрамында 15 шақты адам бар.
– Әжелеріміздің алды сексенге келсе, аяғы алпысты алқымдады. Репертуарымыз жиырма шақты әннен тұрады. Қазір қазақтың қара өлеңі дәстүрін де қайта тірілтіп келеміз. Ансамбль құрамына білім саласының ардагері, әуесқой-сазгер, баянмен сүйемелдеуші Лұқпан Шөкеевті тартуымыздың өзі де бір жетістік,- дейді М.Нұрмақова.
- «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген халқымыз. Ұрпақ болашағы, оның рухани білімді болуы, рухты да намысты болып тәрбиеленуі үшін барыңызды салып келе жатқан сіздей аналарымыз аман болсын. Бүгінде халықтық деген үлкен мәртебеге ие болып отырған осы ұжым - кейінгі буынға өмір мектебі. Сіздерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс тілеймін,- деді әжелерді мерекемен құттықтаған аудан әкімі С.Әлиев.
«Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамбліне жерлестеріміз Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ж.Рахимова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М.Әмірханов та ақ ниеттерін білдірді. Бұған қоса көршілес Зеленов ауданының «Ақ ниет» әжелер ансамблі де арнайы сахна төріне шығып, тілектерін айтты. Қонақ кәдеге орай «Абайкөк» әнін орындап берді.
Әсемгүл БЕКЕШЕВА,
Тасқала ауданы