Ардагерлер қозғалысына 35 жыл толуына орай Казталов ауданындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Қайран біздің әжелер, арды ойлаған» атты аудандық әжелер ансамблінің байқауы өтті.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Әжелер алғашқы кезеңде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрді сахналық қойылыммен ұсынса, «Әжелер салған ән қандай» атты екінші бөлімде халық әндерін шырқады.
Байқауға өздерінің өнерін халыққа паш етіп жүрген, өткеннің өнегесіндей салтын сақтаған әжелер үлкен дайындықпен келгені көңілге қуаныш ұялатты.
Нәтижесінде І орынды Тереңкөл ауылдық округінің «Әже сәлемі» ансамблі иеленсе, ІІ орынға «Әжелер шуағы» және «Айшуақ» әжелер ансамблі ие болды. Ал ІІІ орынға «Ақ кимешек» әжелер ансамблі және «Жұлдыз-ай» әжелер ансамблі тұрақтады. Байқау қатысушыларына ұйымдастыру алқасының және аудандық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды.
Барша қатысушылар ұйымдастырушыларға және аудандық әжелер ансамбльдерінің ұйымдастырушы жетекшісі Н.Хабибуллинаға алғыс білдірді.
Бекарыс Әбіш,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz