21.10.2022, 10:00
Оқылды: 125

Әжелердің әлдиі

Қазан айының әдемі бір күні әжелерге арналды. Нақтырақ айтқанда, Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Әлди, әлди ақ бөпем...» әжелер арасында бесік жырын айтудан аудандық байқау өтті.

8

Байқау аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Үлкенге құрмет» атты аудандық іс-шаралар кешенін өткізу» жобасы аясында жоспарланған екен.

Әже тәрбиесіндегі немерелермен арадағы ыстық ықыласпен өрілген жіпсіз байланысты нығайту, әжелердің белсенділігін арттыру, халық ауыз әдебиетінің жанры бесік жырын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараны «Ақсай жастары» ЖҚБ-нің қолдауымен аудандық аналар кеңесі ұйымдастырды. Байқаудың шымылдығын аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Ақ жаулықты әжелер» ансамблі ашты.

7

Байқауға 9 ауылдық округтен 11 әже қатысты.  Олар Ажиғалиева Нәсіпханым Ибрагимқызы (Бөрлі ауылы), Бегайдарова Разия Айбекқызы (Пугачев ауылы), Галеева Алтыншаш Құрмашқызы (Приурал ауылы), Жапаева Толқын Кеңескызы (Приурал ауылы), Ижекенова Жаңылдық Рабайқызы (Бумакөл ауылы), Кабиева Ұлмаш Қуанышқалиқызы (Қарағанды ауылы), Қуатова Алтын Сәрсенбайқызы (Қанай ауылы), Наршиева Нұрсұлу (Ақбұлақ ауылы), Нигметова Әсия Сәменқызы (Бумакөл ауылы), Нихаева Бақытжамал Сағынғалиқызы (Жарсуат ауылы), Нургалеева Хазима Мерешқызы (Ақсу ауылы).

Әженің әлдиін айтудан, бесік жырын жырлаудан жарысқа түскен әжелердің ең жасы 53-те, ең үлкені 74 жаста болып шықты. Көпшілігі ауылдардағы әжелер ансамблдерінің мүшелері. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпей», ұлттық киіммен жарқырап, қарқарадай болып кимешек киіп, сахна төрінде жайғасып отырып алып ертеден келе жатқан бесік жырының небір нұсқаларын тамылжытты дейсіз. Әжелер айтқан әлдидің ішінде фольклор  да, бүгінгі сазгерлердің де өлеңдері бар. Жандарынан өлең шығарып айтып, немерелеріне деген ыстық ықыласын білдіріп жатқандар да болды. Тіпті қызды-қыздымен әзіл өлең қосып жіберіп, тыңдармандарын бір серпілтіп тастағандар да табылды. Ең ғажабы, әжелеріміз мәдениет үйінің сансыз аспабының бірде-біреуін пайдаланбай, өз дауыстарымен, жаңылмай әлди-әлдиге салды. Әлдимен бірге шашу шашылып, бата да беріліп жатты. Сахнаның сәні болған әжелердің ұл-қыздары ержеткен, алдының 15-20-дан немересі бар. Екі-үш шөбере көріп отырғандары да бар. Әжелер сол күні Мәдениет үйін жырға бөлесе, ұрпақтары олардың құшақтарын гүлге толтырды.

9

Аналар кеңесінің төрайымы Идгеева Әтір Шайзадақызы бастаған әділ қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Ажиғалиева Нәсіпханым Ибрагимқызы (Бөрлі ауылы), 2-орынды Ижекенова Жаңылдық Рабайқызы (Бумакөл ауылы), 3-орынды Бегайдарова Разия Айбекқызы (Пугачев ауылы) иеленді. Қатысушы әжелер «Асыл әже», «Өнерлі әже», «Өнегелі әже», «Заманауи әже», «Сымбатты әже», «Көрермен көзайымы», «Балажан әже», «Мейірімді әже» аталымдары  бойынша марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды. Шынына келгенде, біздің барлық әжелеріміз сый-сияпатқа лайық қой. Байқауды тамашалауға келген көрермендер әжелердің өнерін зор ықыласпен тыңдап, қол соғып, қошемет көрсетіп отырды.

Ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтаған осынау тамаша шарадан әжелеріміздің әлдиі үзілмегей деп тарастық.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале