29.08.2020, 10:27
Оқылды: 54

Баға кетсе шарықтап, мектепке бару мұң болар...

Көзді ашып-жұмғанша оқушылардың жазғы демалысы аяқталып қалды. Елімізде жаңа оқу жылының басталуына да санаулы-ақ күндер қалғаны көпке мәлім. Қыркүйек таяғанда ата-аналар балаларын мектепке дайындайды. Қажетті қалам, дәптерден бастап, киім-кешегін түгел түгендейді. Тапқанын баласына жұмсайтын ата-ананың аянбайтыны белгілі. Осындай абыр-сабырды пайдаланып, мүмкіндікті қалт жібермей тауар бағасын қалауларынша өсіретін саудагерлер де бар. Қыркүйек айы жақындаған сайын кеңселік тауарлар мен мектеп формасының бағасы күн санап өсіп, аспандап кететіні жасырын емес. Оқушыларға қажетті оқу-құралдары мен мектеп формасының бағасы жер-жерде құбылып тұр.

F5D39306-B6E1-4B57-A600-611269F66C1B

Осы мәселе бойынша жаңақалалықтар жиі баратын «Арзан», «Қуан» базарларының нарқын бағамдадық. Мәселен, тізімнің басында тұратын мектеп формасынан бастасақ. «Қуан» базарында ұлдарға арналған костюм 10000 теңгенің шамасында болса, «Арзанда» 8000-15000теңге аралығында екен. Ал қыз балаларға арналған ақ жейделер 2500-3500 теңгеден, екінші жерде тіпті 4000-ға дейін жетеді. Айталық спорттық киімдері 4800-6000 теңгенің шамасына келсе, кей жерде 7000-17000-ға дейін шарықтап тұр. Енді аяқ киімдеріне тоқталып өтейік. Ұлдарға арналған аяқ киім 5000 теңгеден басталса, қыздардың аяқ киімі 3500-5500 теңгені құрайды. Бұған қоса, бірнеше шұлық, галстук, бантик, белбеуді қосыңыз. Бұл ұсақ-түйек кем дегенде 5000 теңгеге барады. Бұдан бөлек, базар нарығындағы оқушыға қажетті оқу-құралдарын есептесек. Дәптер бағасы 20 теңгеден қойылса, 12 пән бойынша  дәптер 1300, кей жерде 1400 теңгеден сатылымда тұр. Түрлі-түсті қаламдар әртүрлі бағаны құрайды. Ал ішінде көңілге қонымдысы 200-400 теңге аралықта. Сурет салатын альбом 100-250 теңгеден жоғары. Қалың дәптерлер жұқа, қалыңына байланысты 80 теңгеден басталып, 120-250 теңгеге дейін бар. Сондай-ақ қалам салатын пенал 150-1600 теңгеге дейінгі бағаны құрайды. Күнделік, өшіргіш, ермексаз, қайшы, фломастер, кітапқап, бояу, қалам, ұштағыш сияқты заттар да осы шамадағы бағалар тізімінің қатарынан орын алып тұр.  Айта кетейік, сөмкелердің ең төменгі бағасы 3500 теңгеден 5000-ға дейін жетеді екен. Аталған заттардың сапалы түрінен алам десеңіз, әрине, қалтаңыз қалыңдау болуы тиіс.

CCC54116-8B32-4FB0-8BF5-4118ADBC0B74

Базарда карантин уақытына қарамастан тұрғындардың қарасы басылмаған. Мұндағы сатушылардың бірі киім өлшеп көрсе, екінші адам сөмке бағасына саудаласып, ендігі біреуі оқуға қажетті құралдарын есептесіп жүр. Осы тұрғыда жаңақалалық тұрғын, 6 ұлдың анасы, күміс алқа иегері Лайлагүл Калимуллинамен тілдескен едік.  Алты баланың төртеуі мектеп қабырғасындағы оқушылар. Оның ішінде біреуі өз алдына студент болса, қалғандары мектеп жасындағы балалар. Мектеп қабырғасында оқитын балаларын жаңа оқу жылына сақадай-сай дайындауға кірісіп те кетіпті.

- Қазіргі таңда шамам келгенше, яғни қаражатымның жеткенінше қажетті кеңселік тауарларды алдым. Сабақ құралдарын жартылай аз-маз алғанның өзінде 20000-25000 теңгеден бір-ақ шықты. Бұдан бөлек, оларға керек сөмкесі, жетпей қалған оқу-құралдары және бар.  Ал киім-кешектерін, яғни мектеп формасын әлі толық алмадым. Әзірге аяқ киім, кроссовкасын түгендеп, алып қойдым. Оған 22000 теңге кетті. Балаларымды ешкімнен кем қалдырмай сұрағандарын алып беруге тырыстым,-деді ол. Көпбалалы ана бағаның алдыңғы жылмен салыстырғанда биыл әжептәуір өскенін айтып қынжылды. Иә, бұны жаңақалалық сатушыларда әр жаңа оқу жылы басталғанда бағаның шарықтап кететінін және қажетті заттардың бағасы өсетінін мойындайды. Ата-аналар базардағы бағаның ең төмен қолжетімді болғанымен, сапасы сын көтермейтінін айтады. Ал орташа сападағы  керек-жарақ заттарға кез келгеннің қолы жете бермейтіні тағы бар.  Қай ата-ана болсын, қолындағы барын баласынан аямайтыны белгілі. Бірақ бәріне бірдей, сапалы заттарды алуға көптің қолы жете ме? Әр үйде кемінде үш-төрт, мүмкін бес-алты бала мектепке барады. Оның үстінде кей отбасында жоқты түсінбейтін балалар жетерлік. Мына дамыған заманда жаңасы болмаса, ескісін кимейтіні ақиқат. Жеке ойы, өзіндік мақсаты бар өсіп келе жатқан жеткіншек өзгенің ескісін қайтсін? Қолданған былтырғы затыңды ұста дегенге құлақ асатын бала қазірде аз. Алайда көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларындағы жеткіншек бұған көнбегенде не істемек? Табысы үйдің тамағынан, яки несиеден арылмайтын жандар қайтпек?

- Бастапқыда Үкіметтен АӘК,  несие алған едік. Қазір мүгедек балама ақша аламын. Бұл, әрине ештеңеге жетпейді. Қазіргі таңда жолдасым да, мен де жұмыссыз жандардың қатарындамыз. Ал баға болса жыл сайын бетбақтырмай өсіп жатыр. Биыл киім-кешек алмауға болады деп мектеп бастапқыда айтқан еді. Десек те өзім қатарлы ата-аналар қажетті заттарын алып жатқанда, солардың қасында балаларымның жаңа киімсіз барғаны біз үшін ыңғайсыз болып отыр. Амал не, оларға қажетті мектеп формасы, оқу-құралдары сияқты заттарды алуға қалтамыз көтермейді,- деп 9 баланың анасы жаңақалалық Анаргүл Биекенова қиналғанын жеткізді.

Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясы туралы аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Қонысбайұлынан сұрап білдік. Алайда ол қазіргі таңда «Мектепке жол» акциясының әлі болмағанын және тұрақты шешілмегенін айтып, жауапты қысқа қайырды. Айталық, «Мектепке жол» акциясының басталғанына он жылдан асты. Жыл сайын оқу жылының алдында қайырымдылық шаралары жүргізіліп, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына қажетті оқу-құралдары мен мектеп формалары тегін таратылады. Бірақ, биыл ауданымызда  бұл акцияның не себепті болмағанын түсінбедік.

P.SҚалай десек те, баланы мектепке толыққанды дайындау – ата-ананың борышы. Соңғы қаражатын жұмсаса да, әр ата-ана баласының көңілін табуға тырысады. Анығырақ айтқанда, басты мәселе – оқушының киім-кешектерінде және жыл сайын өсіп, шарықтап тұрған бағаларында емес. Баланың дұрыс білім алып, ой-өрісін кеңейтетін мектеп пен сапалы білімде. Санаулы күндерден кейін барлық жерде жаңа оқу жылы басталмақ. Ендеше оқушыға сапалы білім алуға ештеңе де кедергі болмауы тиіс!

Жаннұр Берікқызы,

Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале