Қаратөбе ауданындағы сауда орындарында азық-түлік тауарлары күннен-күнге қымбаттап барады. Басқа да жиі тұтынылатын тауарлардың бағасы да мәз емес, күйіп тұр.
Өткен аптаның сәтті күні сәрсенбіде аудан орталығындағы екі үлкен сауда орны «МG» супермаркеті мен «Гүлрайхан» дүкенінде болып, ондағы күнделікті тұтынылатын азық-түлік тауарларының бағасын білген едік.
Супермаркетте нанның бір бөлкесі - 165, күріш – 450, қарақұмық - 680, рожки - 265, сүттің литрі - 295, тауық еті - 1295, айран - 380, сары май - 1100, «Шедевр» шағу майының литрі - 980, жұмыртқаның бір данасы - 37, пияз -255, сәбіз - 255, қырыққабат - 395, картоп - 275, ас тұзы - 58 теңге. Аталмыш сауда орнында сол күні қант болмады. Оның себебін сауда орнының қожайыны Тоқтар Омаров қаладағы тауар алатын орындарда қант бағасының қымбаттауымен байланысты екендігін айтты. Сонымен қатар апта ішінде бағасы күрт көтеріліп, көпшіліктің назарына ілінген А4 форматты қағазының бір бумасы 1000 теңгеден 4950 теңгеге қымбаттап шыға келген.
Ал «Гүлрайхан» дүкенінде нанның бір бөлкесі - 170, қарақұмық - 650, күріш - 300, рожки - 300, жұмыртқаның данасы - 44, картоп - 265, пияз - 250, қырыққабат - 450, сәбіз - 280, сары май - 1000, шемекі май - 700, сүзбе - 1000, ас тұзы – 60 теңге, тұтынушылардың басты назарындағы қанттың келісі - 585 теңгеден сатылуда. Бұл дүкенде біз сұрау салған А4 форматты ақ қағаз мүлдем болмай шықты. Тұтынушылар сауда орындарындағы тауарлар бағасының қалта қағатындығын айтады.
Бағаның жиі көтерілуі тұтынушыларға да оңайға соқпай отыр. Мемлекет басшысы бағаны көтермеу, оны тұрақтандыру бойынша тапсырмалар берді. Бірақ жергілікті жерлерде тапсырмалардың орындалуы көңіл көншіте ме, мәселе сонда?! Халықтың әлжуаз тобына, аз табыс кіретін жанұяларға қиын. Тауарлар бағасының көтерілуі осылай жалғаса беретін болса кім-кімге де оңай соқпасы белгілі.
– Қазір дүкендерде кандай да болмасын тауарлардың бағасы қымбаттап жатыр. Ауылды жерде тұрғасын мал ұстаймыз. Шөптің қымбаттығы өз алдына, дүкендердегі мал азығы жемнің бағасы шарықтап тұр. Мал азығы былай тұрсын бала-шағаны асырау үшін азық-түлік алуға кейде қаражат жетпей жатады. Дүкен сөрелеріндегі тауарлар бағасы жиі өзгеріп отырады. Бағаны тұрақтандыру бағытында жергілікті тиісті орындар тарапынан бақылау болса? Мен осы өзекті мәселені Қаратөбе ауылдық округі әкімінің есеп беру жиналысында да айтқан едім, – дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Мағия Искакова.
Тұтынушылар айтса айтқандай-ақ, бастапқы да бағаны көтермеу жөнінде тапсырмаға байланысты дүкендерде тауарлар сәл арзандағандай болды да, бір-екі күннен кейін қайта көтерілді.
Тұтынушылардың дүкендердегі тауарлар бағасын тұрақтандыру бағытында ауданда бақылау жасайтын тиісті орындар бар ма? деген сауалына аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов төмендегіше жауап берді.
– 2023 жылға дейін жарияланған мораторийге байланысты дүкендердегі тауарлар бағасын тексеріп, оларға шектеу қоюға құқымыз жоқ. Күнделікті пайдаланылатын 19 тауар құнына байланысты белгіленген бағаны көтермей ұстап тұру мақсатында аудан бойынша әр аптаның жұма күні бақылау жүргізіп отырамыз. Қант бағасы аудан бойынша 530-700 теңге аралығында сатылуда. Сауда орындардағы бағаның өсуін кәсіпкерлер көтерме саудада бағаның көтерілуімен байланыстырып отыр. Қазіргі таңда бағаны белгіленген деңгейден көтерген кәсіпкерлер болған жоқ. Қанттың ең арзаны Темір ауылындағы «Көркем», «Диас» дүкендерінде 530-550 теңгеден сатылуда. Ең қымбаты «Мерей» дүкенінде келісі 700 теңгеден саудалануда. Көтерме саудада қандай бағамен алынса, сол бағаға 15 пайыздан артық, үстеме бағамен сатуға болмайтындығы кәсіпкерлерге жиі ескертіліп отырылады. Егер аталмыш 19 түрлі азық-түлік тауарлары белгіленген бағадан артық бағамен сатылып жатырған жағдайда тұтынушылардың аудандық прокуратураға шағымдануына болады. Сонымен қатар облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне хабарласып, мәселенің мән-жайын біле алады, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Мағзомұлы.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz