Біз Мереке ауылына ат басын тіреп, ондағы атқарылып жатқан жұмыспен танысып қайттық.
Ауылдағы жағымды жаңалықтар көңілге қуаныш ұялатады. Мереке ауылының тұрғындары биылғы көктемге ерекше серпіліспен кіргендей. Ауылдың жаңалығын ең бірінші ауыл әкімінен сұрайтын әдетіміз емес пе? Әкім Мэлс Нәріков өткен жылы істелген жұмыстар мен биылғы жоспары жөнінде біраз мағлұмат берді.
Ауыл әкімінің айтуынша, Мереке ауылынан қашықтаған сайын интернет желісі мен байланыс нашарлай бастайтын көрінеді. Тіпті үзіледі десек те артық болмас. Жалпы, қазіргі кезде ауылда «Билайн», «Актив», «Теле2» операторлары халыққа қызмет көрсетіп тұр. Бірақ оның өзі далада жақсы ұстайды да, үйдің ішінде мүлдем нашарлап кетеді. Осы мәселені шешу үшін біраз жұмыс атқарылған.
– Еліміздегі ірі байланыс операторы – «Қазақтелеком» АҚ Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлеріне «Ауылдағы цифрлық серіктес» жобасын ұсынған болатын. Осы жоба арқылы компания жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, облыстың 11 ауданы тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлаған еді. Жоба аясында «Қазақтелеком» телекоммуникация желілерін салу үшін БҚО-ның екі кәсіпкерімен келісімге келген. Соның бірі – жерлесіміз, «Наби» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Мират Наби. Мират Уәлиханұлы 2022 жылы «Қазақтелеком» компаниясымен шарт жасасып, биыл пилоттық негізде жұмысын бастады. Қазіргі таңда 50 нүктеге (үйге) арналған сымсыз байланыс құрылғысын орнатып, Мереке ауылының 45 үйін сымсыз интернет желісіне қосты, – дейді Мэлс Нәріков.
Айта кетсек, интернеттің жылдамдығы 10-20 Мбит/с болса, пайдалану көлемі шексіз. Ай сайынғы төлем – 8000 теңге, ал қосылу тегін. Осы жүйеге қосылған ауыл тұрғындары жобаның игілігін көріп, жеке кәсіпкерге ризашылығын білдіріп жатыр.
Интернет мәселесі бұл ауылда бүгінгі күнге дейін өзекті болып келген. Қазіргі таңда біртіндеп шешімін тапты. Электр желілері жаңарып жатыр Мерекеде тағы бір мәселе бар, ол – электр желісінің тозығы жеткені. Ол да 2018 жылдан бастап қолға алынған көрінеді.
– Қазіргі таңда біраз көшенің бағаналары жаңарып қалды. Абай, Құрманғазы, Ә. Молдағұлова мен М. Мәметова көшелерінің бағаналары мен сымдары ауыстырылды. Бізде ендігі мәселе – трансформаторымыз ескіріп тұр. Қазіргі таңда ішін тазалап, майын ауыстырып, ретке келтіріп қойдық. Бұл трансформаторларға бірнеше жыл болды. Ауыстыратын уақыт жетті. Алдағы уақытта жаңартып берсе, тіпті уайымсыз болар едік. Бізге келген қажет заттарды пайдаға асырып жатырмыз. Қасымда Дамир Қуанышев деген көмекшім бар. Ауылымызға танымал азамат Қангерей Жаманқұлов осы салада біраз жылдан бері қызмет жасап келеді. Биыл білікті маманымыз зейнетке шығады. Сонау 70-жылдары тартылған сымдардың қазіргі таңда әбден тозығы жеткен баршаға мәлім, – дейді электр желісінің маманы Жандос Шукеров.
– 2018 жылдан бастап Батыс Қазақстан облыстық электр желілерін тарату компаниясымен бірлесіп жұмыс басталған еді. Ауылдың бюджеті арқылы қосымша кабельдер алынып, жұмысқа кіріскен болатынбыз. Ауыл көшелеріне СИП-35 кабелін тартуды қолға алдық. Абай көшесіне кабель тартылып, есептегіштер үйдің сыртқы қабырғаларына шығарылды. Ол кезде жарық жиі сөнетін. Сөніп қана қоймай, мұздатқыш, теледидар, тағы басқа электронды заттарға кері әсерін тигізетін. Тіпті көгілдір отынның өзі де жарыққа тәуелді екенін жақсы білеміз. Тұрғындардың осындай наразылығы есепке алынып, қазіргі таңда жарық мәселесін реттеуге кірісіп кеттік. Ауылдағы электрик мамандар осы тұрғыда еңбектеніп жатыр. Ақжігітов көшесі толықтай СИП-35 кабеліне ауыстырылды. Ағаш бағаналар әзірге орнында қалды. Ауа райының қолайсыз кезінде де жарықтың сөнуі сиреді. Өткен жылы аудан әкімінің қолдауымен 8 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, жарық мәселесін оңтайлы шешу бағытында жұмыстануды тапсырған болатын. Барлық шаруа электр жарығына келіп тіреледі. Онсыз ештеңе шешілмейді. Тіпті кішігірім іс-шара өткізсек те жарықтың маңызы білінеді. Өткен жылдары темір-бетонды 57 бағана әкелінді. Екі шақырымды құрайтын СИП-35 кабелі сатып алынды. Аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединұлы облыстық басқармамен келісім жасады. Олар техникамен көмектеседі. Ал біз қажет заттармен қамтамасыз ететін болып, екі жақты келісімге келдік. Келісім бойынша электр желілерінің мамандары бір аптаға келіп, аталған жұмысты атқарып берді. Қазіргі таңда көше бойына және үйлерге кабельдер тартылып, жаңартылып жатыр. Үнемделген қаражатқа ауылға кіре беріс 600 метр аумаққа жарық шамдарын орнаттық. Бұған ауылдың азаматтары атсалысты. Сөз басында атап өткеніміздей, ағаш бағаналардың орнына темірбетон бағаналарды орнату жоспарымызда бар. Ал одан ауысқан ағаш бағаналарды ауыл шетіндегі Қалмақ елді мекеніне дейінгі аралыққа орнатуды жоспарлап отырмыз. Оның да өз себебі бар. Қалмақ елді мекеніне электр жарығы кезінде қыстақтардан тартылған. Ал ол жақтағы электр сымдарының тозығы жетіп тұр. Ауа райының қолайсыз уақытында Мерекеде электр жарығы жарқырап тұрады да, оның іргесінде тұрған Қалмақ елді мекенінде жиі сөнеді. Міне, алдағы күндерде осы мәселенің нүктесін қоямыз, – дейді ауылдық округ әкімі Мэлс Жасанғалиұлы.
Өткен жылы торқалы тоқсан жасын тойлаған Мереке ауылының болашағынан үміт көп. Қос ауданды байланыстырып тұрған күре жолдың бойындағы ауылдың ажары күн санап кіріп келеді.
Темірболат Тоқмамбетов,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz