17.01.2023, 16:30
Оқылды: 32

Бағдарлама мақсаты – халықтың табысын арттыру

Кеше Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылының мәдениет үйінде облыс орталығынан келген көшпелі түсіндіру тобының қатысумен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының» пилоттық жобасын түсіндіру-талқылау жиналысы өтті.

324883162_974764720167020_8839353784809213116_n

Көшпелі түсіндіру тобының құрамы төмендегідей адамдардан тұрды:

Көшкінбаев Алпамыс Жаңабайұлы - Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы;

Қарағойшин Наурызбай Қадырбайұлы – Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы;

Еркеғалиева Райса Жұмахметқызы - Батыс Қазақстан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы өңірлік даму бөлімінің басшысы; Казиханов Алмат Сисенбайұлы – «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ Стратегиялық даму және мемлекеттік–жекешелік әріптестік департаментінің директоры;

Өміралиев Қайыржан Мақсотұлы – Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы. Жиналысқа аудандық бөлім басшылары, шаруа қожалық жетекшілері мен кәсіпкерлер және ауыл тұрғындары қатысты.

325948579_871175124203863_2889946977771259238_n

Жиналыста алғаш болып сөз алған Бостандық ауылдық округінің әкімі А.Сармалаев округтің әлеуметтік картасына тоқталып, жиналғандарды бүгінгі жиынға қатысушы түсіндіру тобының мүшелерімен таныстырып өтті. Жиналыс барысында сөз кезегі Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Қарағойшинге ұсынылды. Өз кезегінде аталмыш түсіндіру тобының аудан орталықтарына жұмыс сапарымен шығуының маңызы ерекше екеніне тоқталған ол, «Мемлекет басшысы ауыл халқының әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөліп, үкіметке бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды тапсырған еді. Соның бірі ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздейтін өсімдік, мал, сүт шаруашылықтарын тиімді пайдалану. Қолға алғалы отырған пилоттық жобаның негізгі басымдығы жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтардың санын азайту бағытындағы жұмыстарды жасауға берілмек. Бұл дегеніміз жеңілдетілген несие халыққа қолжетімді, оларды көп әуреге салмайтындай болуы тиіс деген сөз. Сондықтан кімде-кім кәсіп бастауға ниет білдірсе, біз бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деді.

Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Көшкінбаев Алпамыс Жаңабайұлы болса «Аудандарда қой өсіру, құс шаруашылығы, сүт өндірісі кенже қалып тұрғаны рас. Несие алушылар осы мүмкіндікті пайдаланып, сол шаруалармен айналысуға әбден болады. Біз несие алған азаматтардың өнімдерін жергілікті жерлерге өткізуге, сөйтіп, қой, құс өнімдері мен бау-бақша дақылдарын тиімді бағамен сатуға жол ашатын боламыз» деген пікірін жеткізді. Түсіндіру тобының мүшелері бағдарламаның бағыты, шарттары және несие алу үшін қойылатын кепілдік туралы айтқаннан кейін, жиналыс сұрақ-жауап форматына ауысып тұрғындар тарапынан бағдарламаға қатысты сұрақтар қойылды. Ауыл тұрғыны Ғ.Қосболовтың «Бұл несиені алу үшін кепілдікке қойылатын мүлік кімнің атында болса да бола бере ме?» деген сұрағына түсіндіру тобының мүшелері «Кепілдік ретінде нотариуспен шандырылған кез келген тұлғаның мүлкін ұсынуға болады. Тұрғын үйлердің техникалық паспорттары сәйкес келсе болғаны. Несие алған соң 2 жылға дейін үзіліс болады, жылға бір рет төлем жасалынады.» деп жауап берді. Бұдан әрі ауыл тұрғындары бағдарлама бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе өздері бастағысы келетін кәсіп түрлері туралы айтып, бизнес бастауға ниетті екендіктерін жеткізді. Тұрғындар көкейлеріндегі бағдарламаға, несие мен кепілдікке қатысты көп сұрақтарына жауап алып, қолға алынбақшы болып отырған жобаның жай-жапсарына толық қанықты.

326021316_568690618457715_280746438595583561_n (1)

Тиянақты жоспармен, нақты мақсатпен кіріскен жанға жобаның берері мол. Бағдарламаға байланысты біраз жайды жайып салған жиын соңында ауылдық округ әкімі келген түсіндіру тобына ауыл тұрғындарының атынан алғысын айтып, жоба арқылы ауыл әлеуетінің артатынына сенімін білдірді.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале