Теректі ауданы әкімдігінің кіші залында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы жайлы жиын өтті. Оған облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов қатысты. Жиынды ашқан аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып отырған ауылдық округ әкімдеріне басқосудың мақсатын түсіндіріп өтті.
Алдымен сөз алған Алдияр Сансызбайұлы бағдарламаға байланысты жаңалықтарды бөлісті.
– Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 5,5 млрд теңге көлемінде қаражат беріледі деген жоспар бар. Қазірдің өзінде 1,5 млрд теңге қаралып жатыр. Оны өткен жылы келіп түскен өтініштерге береміз.
Біз осыған дейін де Үкімет алдында бірнеше мәселе көтердік. Соның бірі – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне техника алып беру. Бұл үшін 2,5 пайызбен 31 млн теңгеге дейін қаржы берілуіне Үкіметтің рұқсатын алдық. Біздің бұл жерде көздеген басты мақсатымыз – ауыл халқының басын қосып, әл-ауқатын көтеру. Сіз бен біз болып осы мақсатымызға жетсек, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жері болса, техникасы жоқ, техникасы болса, жері жоқ. Міне, осындай түйткілдердің түйінін шешу – біздің міндетіміз. Ауылдағы ағайынның басын біріктіріп, ауызбіршілігін арттыруымыз керек. Біздің қолға алған жұмысымызды республика көлемінде қолдап, еліміздің өзге өңірлері де іске асыруға құлшыныс білдіріп отыр. Ауылдың адамдары кооператив мүшелігіне кірген болса, алдағы уақытта малының әр келісіне субсидия ала алады. Сүт бағытында да солай.
Тағы бір айта кететін жайт, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі туралы ереже кем дегенде 10 жылға өзгертілмейтіндей етіп бекітілуі керек. Әйтпесе жыл сайын ереже өзгеріп отырса, халықтың да «Ауыл аманатына» деген сенімі жоғалады. Сондықтан алдымызға нақты жоспар қажет және сол жоспар бойынша жұмыс жүргізуге тиіспіз, – деді Алдияр Халелов.
Жиын барысында ауылдық округ әкімдері Алдияр Сансызбайұлына көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
Темірболат Тоқмамбетов,
Теректі ауданы