15.03.2021, 9:24
Оқылды: 49

Бағдаршам қашан орнатылмақ?

Көз үйренген үш түсті бағдаршамның алғашқы нұсқасы 1920 жылы Нью-Йорк пен Детройтта қойылды. Қызыл мен жасыл түстің ортасына сары түсті қосқан. Бұл үш түстің жарық толқыны ұзын болғандықтан жүргізушілер бағдаршамды алыстан көре алады. Оның ішінде қызыл түстің жарық толқыны ең ұзыны саналады. Бұған қоса дихроматия ауруына шалдыққан адамдар түстерді тек олардың жарықтығына, яғни спектрі бойынша ғана ажырата алады. Жылы тондар спектріне қызыл, сарғылт және сары түстер кіреді. Ал суық спектрдің тізімінде жасыл, көк, күлгін түстер бар. Сондықтан да бағдаршамды құрастырғанда түстерге осындай айрықша мән берген.

49A43E64-20DE-4785-85AD-B774A233AB73

Бағдаршамсыз көше қозғалысын көзге елестету қиын, әрине. Осы бір жол көрсетушінің қызметі болмаса, көше көлік кептелісінің ордасына айналары сөзсіз. Бүгінде Жаңақала ауданында көлік те көп, көлікке байланысты проблема да жетерлік. Аудан әкімінің есеп беруінде тұрғындар осы мәселені әлсін-әлсін қозғап жүр. Тұрғындар көтерген мәселе болғасын бізде газет бетінде қаузап, шешімі табылса екен деп қолға қалам алдық. Бірақ бұл мәселенің шешілетін түрі әлі алыс-ау. Аудан орталығындағы «Қуан», «Гүлжайнар» базарларының маңы жол-көлік ережелері өрескел бұзылатын аумақтар қатарында. Сол жерге келген көліктер, жолдардың екі бетін аялдамаға айналдырып, көлік қозғалысына кесел келтіруде. Тұрғындарға жолда жүру, жол қиылыстарынан өту қиындықтары арта түсуде. Қай уақытта қарасаңыз да, ол қиылыста бір-біріне жол бермей, иін тіресіп тұрған халық пен көлікті көресіз. Аудан орталығындағы көшелерге бағдаршам қашан орнатылатыны белгісіз. Әлде жергілікті билік адам өлімі болғанын күтіп жүр ме? Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін жағдай жасалмаса да есесіне айыппұл төлеткізу жағынан жаңақалалық жол сақшыларының асығы алшасынан түсіп тұрғандай.

810B43C2-3BDC-49E1-8402-2581DE6995E4

Иә, бағдаршам орнату аудан әкімшілігіне қиынға соғуы мүмкін. Айтсын, айтпасын бір бағдаршамның өзіне бюджеттің бүйірін опырып түсірердей қаржы қажет. Осыдан 5-6 жыл бұрын бір бағдаршамның құны 1 миллион теңгеден асып жығылатын. Ал қазіргідей қымбатшылық жағаға жармасқан шақта тіптен шарықтап кеткені сөзсіз. Одан бөлек бағасы төмен болар еді дейтіндей бағдаршамдар елімізде шығарылмайды. Бұл жөнінен де шетелге күніміз түсулі. Алайда бағдаршамды өз елімізде жасап шығару әзірге ақ бұлттың аржағындағы айға қол созғанмен бірдей болып тұр. Мейлі, отандық өз өнімдерімізбен мақтана алмаймыз. Ендігісін өзге елдікі болса да жеткілікті түрде жол көрсетуші құралды түбегейлі шешетін кез де әлдеқашан жеткен жоқ па?

Жауаптылар не дейді?

Абзал Ахметов, Жаңақала ауылдық округінің әкімі:

35E5183E-9B56-4F65-80DA-BEFAB06D694E

- Қазіргі таңда аудан орталығында жеңіл автокөліктер мен жүк тасушы техникалардың саны жыл сайын артып келеді. Көп жерде көлік қозғалысынан туындайтын жол көлік оқиғалары көп. Әсіресе оқу жылы басталған уақытта орталық көшедегі тас жолдар жаяу жүргіншілер үшін қиындық туғызады. Жақында көптен күткен мәселе өз шешімін таппақ. Қазіргі таңда сметалық құжат жасақтап, қаражат жағын қарастырып жатырмыз. Әзірге бағдаршам Жеңістің 30 жылдығы мен Халықтар достығы көшесінің қиылысы, Бабажанов пен А.Оразбаева көшелері қиылысына орнатылатын болады. Қолға алынған кешенді шаралар ең алдымен жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, автокөліктердің қатынасын жеңілдетеді. Ал жаяу жүргіншілер арнайы сызылған жолақтар арқылы бағдаршамдағы белгіге қарап, алаңсыз өте алмақ.  

Одан әрі полиция бөлімінің аға МАИ полиция капитаны Кенесары Жүзжасаровпен осы мәселе жөнінде сөйлескен едік.

5C060FC0-1F38-47F2-A235-E99B947F7597

- Ауданымызда күннен-күнге автокөлік саны көбейіп жатыр. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында көшелерге бағдаршамдар орнатуға әкімдікке ұсыныс жасадық. Біздің міндетіміз  - жол көлік оқиғасының алдын алып, қай жерге бағдаршам қажет, соны анықтап, ұсыныс айту. Қазіргі таңда бұл мәселенің шешілу жолдары қарастырылып жатыр. Әрине, алдымен көлік жүргізуші жол жүру ережесін қатаң сақтағаны жөн. 2020 жылдың қорытындысы бойынша 5 жол-көлік оқиғасы және 2021 жылы 1 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарының басты наразылығы - Орал-Жаңақала бағытына қатынайтын жүргізушілердің жол ережесін қатаң сақтамай, жылдамдықты шамадан тыс асырып, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон қолданатындығы. Сол себепті алыс жолда болсын, ауыл ішінде де өзіміздің және өзгенің өмірі үшін әр кез жол жүру ережесін қатаң сақтағанымыз жөн. Тәртіп бәріне ортақ. Бұл жердегі мәселе - адамдарды жазалау емес, тәртіп бұзушылықтың алдын алу. Осы тұрғыдан барлық материалдар елеп, екшеліп, тек жол ережесін өрескел бұзғандарға немесе бір қателікті бірнеше рет қайталағандарға ғана ұйғарым шығарылып, айыппұл төлеуге жіберіледі. Осының барлығы ауқымды да ауыр жұмыс. Ал оны жол полициясы қызметкерлері күн сайын өз дәрежесінде атқарып келеді. Оған бағынбаған жағдайда, азаматтар заң алдында жауап беруі тиіс. Сонымен қатар көлік құралын масаң күйде жүргізбеу керек. Ең бастысы, әрбір азамат өз өмірі қауіпсіздігіне өзі жауапты екендігін ұмытпауы тиіс. «Жол мұраты - жету». Олай болса, межелі жеріңізге уақытында, аман-есен жету үшін жол ережесін қатаң сақтап, жолда абай болыңыздар,-дейді Кенесары Жанбатырұлы.

Түйін

Иә, жергілікті билік қолдан келгенінше, қазына қазаны көтергенінше осы мәселені шешудан аянып жатқан жоқ екен. Жауаптылардың жауабына сенейік. Қаншама жыл бағдаршамсыз тұрған қауіпті қиылыстардың мәселесіне нүкте қойылады деп отыр. Оған дейін жолда жүру қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері ғана жауапты болмақ.

Техника жылдамдығын тежеп тұрған бағдаршамдар - заманның талабы. Бұл заман қара дүрсін күш пен адам өмірінің алма-кезек арпалысқан кезі. Осы дүлей күш пен адамның нәзік ғұмырын реттеуші бағдаршамдар және тағы басқа құрылғыларсыз тас көшеде тапталып жататынымыз айқын. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Елімізде бірде-бір бағдаршам жоқ, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар жоқ. Мектеп бүлдіршіні көліктер легі қашан толас табар екен деп жолдың жиегінде тұр. Кенет, сабаққа асыққан ол жүгіре жөнелді. Бірақ техника тежегіші тоқтап үлгергенше... Алла сақтасын... Автокөлік тізгіндеген заман болған соң, әрбір жан үшін мұқият болғанның артықтығы жоқ. Осы мәселеге жауапты құзырлы мекеме бұл мәселені тез арада шешіп, тұрғындардың талап-тілегін ескереді деген сенімдеміз…

Ақсәуле Сексенбайқызы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале