Ауыл тұрғындары үшін көктем мезгілімен бірге шаруашылықтың жаңа мәселелері көтерілетіні белгілі. Әсіресе мал бағымы жайына келетін болсақ, халықтың бірауыздан бір шешімге келе қоюы әлдеқайда қиын.
Алайда биыл мемлекет тарапынан бұл жұмысты жеңілдететін жаңа мүмкіндіктер берілуде. Мамандардың айтуынша, «Ауылшаруашылық өндірістік кооперативін» құру тұрғындар үшін біраз жеңілдіктер береді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған АӨК аудан бойынша әр ауылда болған. Кейбір ауылда АӨК әлі күнге жұмысын жалғастырып тұрса, кейбір ауылдар аталған кооперативтік ұйымды таратып жіберген. Алайда биыл қайтадан қолға алынып жатқан АӨК ашылуында айтарлықтай өзгеріс жоқ.
– Ауыл шаруашылығы кооперативін құрудың негізгі мақсаты сол қалпында. Ол – кооператив мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық және басқа да қажеттіліктерін қанағаттандыру. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, оны өткізу немесе сақтау, сонымен қатар материалдық-техникалық ресурстармен жабдықтау салаларында бәсекелестік ортаны құру. Бұл ауыл адамдары өздерінің шағын шаруашылығының жемісін көруге жол ашады. Олар мал басына бөлінген қаржыны кооперативке салып, кейін өздері ақылдаса отырып шаруашылықтың басқа тиімді жақтарын шешеді. Кооперативке қажет техника алады ма, жоқ әлде басқа шаруаларын ыңғайлайды ма, оны өздері ақылдасады, – дейді ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы С. Ертілеуова.
Осыған дейін құрылған ауылшаруашылық кооперативтерінен Амангелді ауылдық округінде үш кооператив жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар «Крутой-агро», «Чижа2-агро», «СПК-Тасқала-Жігер» кооперативтері құрылған уақыттан бері жұмыстарын жалғастыруда. Бұл кооперативтер Достық, Шежін және Тасқала ауылдық округтеріне қарасты. Биылдан бастап АӨК құру жұмыстары қайтадан қолға алынып жатқаны белгілі. Сол орайда халық арасында АӨК беретін мүмкіндіктер мен оны құрудың тиімді жақтарын түсіндіру жұмыстары жүруде.
Аудан бойынша барлығы тоғыз ауылдық округ болса, бүгінгі таңда жұмыс жасап отырған АӨК саны алтау ғана. Оның өзінде алты АӨК-нің үшеуі Амангелді аулына тиесілі. Басқа ауылдық округтердің әкімдері мен бас мамандары жаңа АӨК құруды қолға алып жатқарын жеткізді. Тек Мереке ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Серік Мұқамбетқалиев осыдан бірнеше жыл бұрын құрылып, кейін жұмысы тоқтап қалған «Мереке – Ет» кооперативін жандандыруды қолға алуда. Ауыл шаруашылығы саласына жауапты округ мамандарының айтуынша, мал бағымы кезінде кездесетін өзіндік мәселелер бар. Мысалы, Достық ауылдық округінде АӨК-те, мал бағатын адам да бар, тек жер жеткіліксіз. Сол секілді Шежін ауылдық округіне қарасты Талдыбұлақ елді мекенінде де дәл осы мәселе. Кейбір ауылдар мал бағуда жер мен су мәселесі кедергі келтіреді десе, Тасқала округі әкімінің бас маманы Халық Әлиевтің айтуынша, аудан орталығында мал бағатын бақташының тапшы екендігін алға тартады.
– Тасқала округі бойынша мал төрт бағытта бағылады. Биыл өзгерістер еніп қалуы мүмкін. Оны алдағы уақытта өтетін халықпен кездесу жиналыстарында белгілі болады. Бізде жер де, су да жеткілікті. Мәселе туғызып тұрған нәрсе, ол – бақташының тапшылығы. Негізі бұрыннан бақташылық қызметті атқарып келе жатқан адамдар бар. Бірақ олар өздерінің бағасын қояды. Халық өздерінің ойларын айтады. Араларында бір келісімге келу қиынға соғатыны рас. Былтыр мал басына 1400 теңгеден болды. Биылғы баға белгісіз, – дейді маман.
Әсем Аман
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер