7.05.2025, 14:09
Оқылды: 172

Байқоныс ауылында жас сарбаздар сайысы өтті

Отан қорғаушылар күніне орай Байқоныс ауылындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп базасында оқушылар арасында «Сарбаз бол» деп аталатын сайыс өтті.

photo-output

Аудандық білім беру бөлімі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – жастарды елжандылыққа баулу, Отанға адал қызмет етуге ынталандыру, әскери машықтарын шыңдап, ұйымшылдық пен достыққа тәрбиелеу.
Әскери сайыстың салтанатты ашылу сәтінде сөз алған аталмыш мектептің директоры Нұрсәуле Тәліпова жас ұрпақтың бойындағы патриоттық сезімге көп нәрсе байланысты екенін атап өтті. «Бүгінгі «Сарбаз бол» сайысы – осы ел тәуелсіздігін баянды ету, әскерімізді айбынды қылу бағытына өзіндік үлес қосар жарқын бастама. Жас ұрпақтың бойындағы намыс пен рухты, отансүйгіш қасиетті ояту – біздің басты міндетіміз. Бүгінгі сайыс жігерді, тәртіпті, ынтымақты шыңдай түсетініне сенім мол,» – деді Нұрсәуле Жандарбекқызы.

photo-output
Байқоныс ауылдық округына қарасты білім ұяларының оқушылары қатысқан додада жас сарбаздар командалар саптық шеру, патриоттық ән орындау, автоматты бөлшектеп жинау бойынша өзара бақ сынасты.
Барлық қатысушы жақсы дайындықпен келгенін көрсетті. Әсіресе қыздар осал еместігін дәлелдеді. Мәселен, Трекин мектебінің 11-сынып оқушысы Мария Баймұхамбетова автоматты бөлшектеп жинау кезеңінде тапсырманы жедел орындап, ер балалармен тең дәрежеде болды. Өзгелері де батылдық пен шапшаңдықтың үлгісін көрсете білді.

photo-output
Сайыс қорытындысы бойынша Қ.Мырзалиев мектебі үздік болса, 2-Новенький мен Трекин ЖОББМ-лар қалған жүлделі орындарды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Саида Жайық
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале