8.12.2024, 20:20
Оқылды: 126

Байқоныс ауылында желтоқсан құрбанын еске алды

Бәйтерек ауданына қарасты Байқоныс ауылында «Желтоқсанда құрбан болған нәзік гүлі батыстың» деген атаумен рухани кеш өтті. Онда жиналғандар Желтоқсан оқиғасының құрбаны болған Ақжайық ауданы Ілбішін ауылының тумасы Гүлзада Қалелованы еске алды.

IMG-20241208-WA0002

​Жас ұрпаққа Желтоқсанда жазықсыз жапа шеккен, жас өмірін тәуелсіздік жолында құрбан еткен жерлесіміз Гүлзада Нәбиқызының батырлығы мен ерлігін насихаттауды мақсат еткен іс-шараға Байқоныс ауылдық округінің әкімі Алмас Қоңыров, Гүлзада Нәбиқызының сіңлісі Рая Қалелова, тарихшы, ардагер-ұстаз Алдаберген Сәрсеков қатысты.
Кеш барысында айтылғандай, Гүлзада 1969 жылы Ілбішін ауылында дүнеге келген. 1984 жылы туған жеріндегі сегізжылдық мектепті бітіріп, Алматыдағы кинотехникумға оқуға түскен. Сонда оқып жүргенде Желтоқсан оқиғасына қатысады. 1987 жылдың ақпанында беймәлім жағдайда қайтыс болған. Оны Ақжайық ауданы, Ақжол ауылдық округіне қарасты Қабыл ауылындағы қорымға жерлеген. Қыршын кеткен қаһарман қыз 37 жыл бойы жаманаттан ақталмаған күйде көзден таса болып қала берген.
- Гүлзаданың ісі жөніндегі деректерге 1997 жылы алғаш кез болдым. Сол жылы аудан әкімінің тапсырмасымен облыстық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына 1930 жылы репрессияға ұшырағандарды ақтау жөніндегі жұмыстармен барған едім. Ол кезде Гүлзада жөнінде ештеңе білмейтінмін. Мұрағатта жұмыс істеп жүргенде сөренің жоғарғы жағында тұрған бір ақ папкі көзіме түсті. Ашып қарап едім онда қағазда Гүлзаданың Желтоқсан оқиғасына орай ұсталғаны, жауапталғаны туралы жазылған екен. Біздің ауданның тумасы екенін көріп таңқалып, тәуелсіздік жолында қыршын кеткендер біздің жақтан да бар екен ғой деген ой келді. «Бұл деректер де керек болып қалар» деген оймен жазылғандарды көшіріп алдым. Алайда мұрағаттан шығар кезде кезекші Гүлзадаға қатысты деректер жазылған дәптердің бетін жыртып алып қалды. «Не үшін?» деген сұраққа жауап берілмеді. Дегенмен де бұл бізге осы бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде, біраз адамдардың көмегінің арқасында Гүлзада саяси қуғын-сүргін құрбан ретінде танылды,-деді Алдаберген Сәрсеков.

IMG-20241208-WA0000

Кеш барысында жиынға қатысушылар батыр қыз есімін ұлықтау, есімін ел есінде калдыру бағытындағы ұсыныс-пікірлерін айтты. Сосын оқушылар Желтоқсан оиғасына қатысты шағын қойылым қойып, өлең оқыды.

IMG-20241208-WA0001
Іс-шара оқушылар арасындағы әскери-спорттық турнирмен жалғасты.

Бақыт Болат

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале