Бүгін еліміз үшін тарихи маңызы бар сәтте Байқоныс ауылының тұрғындары да саяси науқаннан қалыс қалмай, өз таңдауларын жасауда. Мұндағы №196 референдум учаскесінде барлығы 2612 дауыс беруші азамат тіркелген. Дауыс беру үдерісі таңсәріден басталып, ауыл халқының жоғары азаматтық жауапкершілік танытуда.
Референдум учаскесінің алғашқы келушілері қатарында ауылдың ақсақалдары мен ардақты аналары болды. Солардың бірі – осы өлкеде дүниеге келіп, өмір бойы ұстаздық еткен 86 жастағы Күләш Қиматова әже. Бүгінде зейнет демалысында болса да, салауатты өмір салтын ұстанып, жаяу жүруді әдетке айналдырған қария өз таңдауын жасап, ақ тілегін білдірді.
Сондай-ақ, Байқоныста 40 жылдан астам тұрып, егін алқабында бригадир болып тер төккен 88 жастағы Бакет Тукбаев ақсақал да учаскеге арнайы келді. Ел еңсесін тіктеуге үлес қосқан еңбек адамы референдумның маңыздылығына тоқталып, келелі ойын ортаға салды:
«Ел тағдыры шешілер осынау маңызды сәтте әрқайсымыз тысқары қалмауымыз керек. Біз – өткеннің куәгері, бүгіннің тілеушісіміз. Жастар – еліміздің ертеңі, сондықтан біз жарқын болашаққа зор сенім артамыз. Референдум – бұл тек саяси науқан емес, бұл келешек ұрпақтың бақуатты өмірі үшін жасалған қадам. Ең бастысы, қасиетті жерімізде татулық пен тыныштық болсын», — деді зейнеткер ақсақал. Қариялардың бұл қадамы кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге. №196 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы Асхат Болатов азаматтық белсенділік танытып, жастарға үлгі көрсеткен қарияларға алғыс айтып, арнайы естелік сыйлықтар табыс етті.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы