Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты өтетін республикалық референдумға халықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында ауданда каолиция құрылды. Осыған орай Переметныйда каолиция мүшелерінің алғашқы отырысы өтті.

Аудандық каолиция құрамына «AMANAT», «Respublica», «Ақ жол», «Ауыл» секілді партиялардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, мәслихат депутаттары, жастар, спортшылар, сондай-ақ медицина, білім және өзге де салалардың мамандары енді. Бұл каолицияның басты ерекшелігі, олар қоғамның барлық бөлігін қамтып, халықпен ашық әрі нақты жұмыс жүргізбекші.
Каолицияның негізгі мақсаты — Конституцияға енгізілетін өзгерістер бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, референдумға дейінгі кезеңде белсенді үгіт-насихат жұмыстарын атқару. Аталған жұмыстар 13 наурызға дейін жалғасады. Каолиция төрағасы болып аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин сайланды. Отырыста ол алдағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
— Бәріміз бірігіп ел арасына нақты ақпарат жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Ауылдарға шығу кестесін құрып, халыққа ыңғайлы уақытта кездесулер ұйымдастыруымыз керек. Бұл — ортақ әрі жауапты міндет, -деді Нұрлыбек Қажымұратұлы.
Ал «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова үгіт-насихат жұмыстарының жоспарын таныстырып, елге түсіндірудің маңызын айтты. «16 ақпаннан бастап 22 ауылдық округті, түрлі мекемелер мен еңбек ұжымдарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын бастаймыз,-деді ол.- Бұл шаралар 13 наурызға дейін жалғасады. Кездесулер барысында тұрғындарға Конституцияның жаңа жобасындағы маңызды өзгерістер кеңінен түсіндірілмек».
Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Адам Имашев үгіт жұмысы ірі кәсіпорындар мен жастар арасында күшейтілуі тиіс екенін айтты. Әсіресе «Белес Агро», «Батыс Пауэр» ірі кәсіпорындарды қамтуға мән беру керектігіне тоқталды.
— Бұл Конституцияның ғана өзгерісі емес, ертең барлық заңға өзгеріс енеді. Сондықтан халықтың белсенді дауыс беруі — басты мақсат. Әрқайсымызға үлкен сын, - деген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев Конституцияда адам құқығы бірінші орында тұрғанын ерекше атап өтті.
Ал Приуал аумағы бағытындағы үгіт-насихат жұмысына жауапты каолиция мүшесі, еңбек ардагері Рахила Бабақожа референдумдағы жоғары белсенділік үгіт жұмыстарының сапасына тікелей байланысты екенін жеткізді.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы