Бәйтеректе аудандық актив жиыны өтіп, онда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Айвар Бижанов аудандық сотқа тағайындалған жаңа судья Жанар Теңлікқызын таныстырды.

Жанар Теңлікқызы 1982 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Білімі – жоғары. 2007 жылы заңгер мамандығы бойынша Ө.Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтын тәмамдаған. Еңбек жолын сот жүйесінде бастап, 2002–2004 жылдары Ақмола облысы Целиноград аудандық сотында жетекші маман-сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқарды. 2004–2008 жылдары Алматы облысы Талдықорған гарнизонының әскери сотында бас маман-сот мәжілісінің хатшысы болған. Кейін құқық қорғау саласындағы тәжірибесін адвокатура жүйесінде жалғастырды. 2010 жылы Жамбыл облыстық адвокаттар алқасында тағылымгер ретінде жұмыс істеп, 2011–2019 жылдары осы алқада адвокат қызметін атқарды. 2019–2020 жылдары Қарағанды облыстық адвокаттар алқасында адвокат болып еңбек етсе, 2021–2026 жылдар аралығында қайтадан Жамбыл облыстық адвокаттар алқасында адвокат болып қызмет етті.
ҚР Президентінің 2026 жылғы 2 наурыздағы №1188 Жарлығымен Жанар Теңлікқызы Бәйтерек аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.

Аудан әкімі Марат Тоқжанов жаңа судьяны қызметімен құттықтап, аудан үшін өзекті болып отырған мәселелердің бірі – жер қатынастары саласындағы түйткілдерді заң аясында шешуде сот органдарының рөлі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ алдағы уақытта әділ сот төрелігін жүзеге асырып, халық сенімін ақтайды деген сенім білдірді.
Гүлжаз Баделова
Бәйтерек ауданы