Дариян ауылында Бәйтерек ауданы әйелдерінің ХХVI фестивалі ұйымдастырылды. «Қоғамдық-саяси өмірдегі гендерлік теңдік. Әйелдің қоғамдағы рөлі» тақырыбында болған іс-шараға БҚО қоғамдық даму басқармасының, БҚО ҚХА, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Бәйтерек ауданының 85 жылдығы аясында ұйымдастырылған фестиваль көрмемен ашылды. Онда ауданның әрбір ауылдық округі өздерінің қолөнер, азық-түлік, кондитерлік өнімдерін көрсетіп, ауылдарның бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабар беріп, өнерлерін ортаға салды.
- Әйелдің қоғамда алатын орны зор. Оны біз күнделікті күйбең тіршілікпен жүрген аңғара бермейміз. Міне, осындай іс-шаралар кезінде олардың іскерлік қырларын, шығармашылыққа жақындығын, отбасындағы орнын жіті байқаймыз. Тарихқа көз салсақ, бір тайпаны, бір елді дүбәрә қылу, тықырту, тіпті жоқ қылу үшін әйел затынан бастайды екен. Сол себепті елдің елдігі, отбасының беріктігі негізінен нәзік жандылармен байланысты. Өзінің нәзіктігімен, қылығымен, сөзімен, ісімен елдің көзайымына айналған ауданымыздың аруларына ризамыз, - деген аудан әкімі Марат Тоқжанов ауылдық округтердегі әйелдер кеңестерінің төрайымдарын өзінің алғысхатымен марапаттады.
Аудан әкімі жергілікті «Ауыл тынысы» газетінің тілшісі Ольга Чекановаға «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін де салтанатты түрде табыстады.
Осынау кешке арнайы келген белгілі ғалым, ұстаз, БҚО ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина жиналғандарды осынау фестивальмен құттықтап, бәйтеректіктер қашанда түрлі салада, соның ішінде аналар кеңесінің жұмысы бойынша алдыңғы қатарды екенін атап өтті. «Аналар кеңесі қазір қоғамдағы, отбасындағы әкелердің рөлін көтеру бойынша жұмыстануда,-деді Шалқыма Хайроллақызы. -Әйелдің қоғамдағы орны бұл отбасынан басталды. Өз жанұясын дұрыс ұстаған, отбасылық құндылыққа арқа сүйеген нәзік жанды қай жерде де сыйлы. Жаңа көрмені қараған көзде әр ауылда қандай шебер жандар тұратына куә болдық. Міне, солар тек көрме үшін емес, өзінің отбасы үшін осылай жүйелі түрде тер төксе, ол жанұядан елжанды тамаша перзенттер шығары анық».
БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева әйелдердің қоғамдағы орны, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар туралы баяндады. «Ұлан байтақ ұл далада ұлтымыздың мақтанышына айналған ұлағатты қазақ арулары өткені белгілі. Ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдыры үшін атқа мінгені аян. Домалақ пен Ұмай, Бөрте мен Бопай, Айғаным мен Зере сынды аналарымыз, Әлия, Мәншүк, Хиауз сынды батыр қыздарымыз сөзімізге дәлел. Олардың өнегесі мен қаһармандығы Жаңа Қазақстанға жалғасуда. Бүгінгі күні нәзік жандылардың, соның ішінде ауылдағы әйелдер қауымы жарасымды тірлікке негіз болуда. Мұны Мемлекет басшысы да атап өткен еді, - деді Гүлжанар Болатқызы. - БҚО бойынша 13586 көп балалы ана бар. Олардың жартысы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Әйелдер қауымы негізінен мәдениет, білім, денсаулық салаларында еңбек етуде. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің 58 пайызы нәзік жандылар екенін де айтып өткен жөн».
Іс-шара барысында түрлі аталымдар бойынша үздік болған ауылдық округтар, белсенді, іскер әйелдер марапатталып, құрмет көрсетілді.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы