Көктемгі су тасқынына дайындық үшін Бәйтерек ауданында 150 мың дана қапшық, 950 тонна инертті материал (ПГС) сатып алынып, су басу қаупі бар аймақта орналасқан 21 елді мекенге жетікізілді. Сонымен қатар 1000 адамға арналған төсек орын мен кереует, 500 адамға құрғақ рацион (сухой паек), 1 дана моторлы қайық, 11 дана резеңке қайық, 24 бірлік генератор, 52 дана мотопомпа дайын. Одан бөлек, су сорғыш автокөлік (22 ассенизатор), ауыр техника (70 бірлік) иелерімен келісімшарт жасалды.

Бұл туралы аудан әкімдігінде болған кеңесте кеңінен айтылды. Жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов әрбір ауылдық округте көктемгі су тақсынына қарсы жұмыстарға қарқын беру қажеттілігін жеткізді.
- Синоптиктердің болжауынша, ақпан айында күн суық болады деп күтілуде. Ал наурыздан бастап күн қатты жылынбақшы. Сол себепті көктемгі су тасқынына байланысты дайындық жұмыстары, соның ішінде қар тазалау, шығару жұмыстары ақпан айының соңында бітуі керек. Былтыр жыл соңында күн жылы болып тұрғанда қар түсті. Соған орай қазіргі уақытта тоң өте төмен. Өткен жылғыдай 1,5-2 метр болатын тоң жоқ. Дегенмен де көктемгі су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту үшін барынша дайындалуымыз қажет,-деді Марат Лұқпанұлы.

Кеңесте бірінші болып баяндама жасаған аудан әкімі аппаратының азаматтық қорғау мәселелері жөніндегі бас инспекторы Әскер Мұхтаровтың айтуынша, осы ақпан айында көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары үшін қажет АИ-92 маркалы бензин (10 мың литр) мен дизель отыны (20 мың литр) сатып алынбақшы. Жалпы биылғы жылға қар шығару мен еріген қар суын сору жұмыстарына 27 млн теңге қарастырылған. Су тасқыны кезеңінен қауіпсіз өту үшін арнайы жоспар бекітіліп, жедел штаб құрылды. Сондай-ақ 4095 адамды қабылдай алатын 51 уақытша орналастыру пункті мен мал қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған 45 орын белгіленді. Қазіргі уақытта аудан аумағында қар жамылғысының орташа биіктігі мен топырақтың қату тереңдігі 30-50 см шамасында. Бұл су тасқының болмауына өзіндік септігін тигізеді деген үміт бар.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Рауан Қашқынбаев атап өткендей, аудан аумағында 47 саяжай тіркелген. Соның 23-інде тұрғындар жыл бойы тұрады. 6 саяжай су басу қаупі бар аумақта орналасқан. Төтеншеліктер осы саяжайдың бәрінде барып, жадынамалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жалпы олар барлық ауылдық округ орталығында болып, 2500 данадай жадынама таратқан.

-Өткен жылдары көшелердегі суды сору жұмыстары кезінде қолданылған мотопомпалар тиімділігін көрсетті. Осыған байланысты әрбір ауылдық округта кем дегенде 2 дана мотопомпа мен оларға қажетті ұзындығы 60 метрден кем емес құбыршек (шланг) болуы керек. Барлық округта су басу қаупі бар тұрғын үйлер бар. Осынау баспаналарды қорғауға қажет инертті материалдар мен қапшықтар алынып, әзір тұруы тиіс. Ауыл ішіндегі арықтарды, жол астынан өтетін су құбырларын тазалау жұмыстарын бастау маңызды. Әлеуметтік осал топқа жататын жандардың, қариялардың, зейнеткерлердің аулаларын қардан тазалау акцияларын ұйымдастырған дұрыс. Сонымен қатар, тұрғындардың ауласындағы қарды көшеге, ал көшедегі қарды ауыл сыртына шығару бойынша сенбіліктер жүргізу қажет,-деді Рауан Шарханұлы.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы былтыр осындай уақытта жасаған тексеруі кезінде біраз ауылдық округте мотопомпа тұтанбай қалғанын мәлімдеді. Сол себепті биыл мұндай олқылықтар қайталанбауы қажет. Бірінші төтеншеліктер барлық ауылдық округта барып, су тасқынына қарсы құрал-жабдықтарды толықтай тексеріп шығуы керек. Содан соң аудан әкімінің өзі барып тағы бір тексереді. «Өткен жылдары кейбір жауапты тұлғаларға аяушылық танытамыз деп ауылдарымызды су астында қалдыра жаздадық,-деді Марат Лұқпанұлы.- Енді ондайға орын берілмек мес. Белгіленген міндеттер уақытылы әрі мүлтіксіз орындалуы керек!».
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы