Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Переметный ауылындағы орталық ауруханаға жұмысқа келген жас дәрігерлерді қабылдады.
Еңбек жолын бастағанына көп бола қоймаған мамандардың барлығы аудан орталығында тұрады. Төрт маманның екеуі - Анжела Жұмағалиева мен Диляра Жанғалиева педиатр. Олар М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің биылғы түлектері.
Айназ Насиева Қарағанды медицина университетін тәмәмдаған, хирург.
Ал төртінші маман Айнұр Кенжегереева терапевт С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі.
-Жоғары оқу орындарын аяқтаған қыз-жігіттеріміздің ауданға, ауылдық жерлерге жұмысқа келуі - жақсылықтың нышаны. Барлығыңызға жаңа бастаған еңбек жолдарыңызға сәттілік тілеймін. Қазіргідей қиын шақта "елге пайдамды тигізсем, індет жұқтырған жандарға қол ұшын берсем" деп келген сіздердей мамандар қандай болса да құрметке лайық. Алдағы уақытта қолымыздан келген қолдауымызды көрсететін боламыз,-деді кездесу барысында аудан басшысы.
Өз кезегінде жас дәрігерлер көрсетілген құрметке разы екендерін жеткізіп, қауіпті індеттің бетін қайтару, дені сау ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz