Бәйтерек ауданына қарасты Переметный ауылында аға буын өкілдері арасында үстел теннисі, шахмат, дойбыдан жарыс өтті. Бабы келісіп, бақ сынауға 10 ауылдық округтен зейнет жасындағы 40 тұрғын келді.
«Бәйтерек» спорт клубы ұйымдастырған додада Байқоныс, Үлкен Шаған, Перметный, Дариян ауылдық округтарынан келген аға буын өкілдері жақсы өнер көрсетті.
- Біз бұл жарысқа әрбір спорт түрі бойынша ардагер спортшыларымызды алып келдік. Олардың дайындықтары жақсы. Себебі Дариянда кез-келген адамға спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған. Мәселен, бұрын ауылдық округ әкімдігі болған ғимарат спортттық бағытта сенімгерік басқаруға берілді. Сол ғимартта біраз спорт түрі қамтылған. Коворкинг орталықта да шахмат, дойбы, үстел теннисін ойнауға болады. Одан бөлек Дарияндағы екі мектептегі, мәдениет үйіндегі спорт залдарға барушылардың қарасы көп. Сондай-ақ ақылы спорттық үйірмелер де бар. Округ тұрғындарының 30 пайызы бұқаралық спортты жанына серік етеді. Содан болса керек, аудандық спартакиадаларда жерлестеріміз жүлделі орындардан көрініп жүр. Бізде негізінен күрестің төрт түрі, каратэ, армлестиг, гір спорттары жақсы дамыған. Былтыр жұмыс істей бастаған бокс үйірімесінің жұмысына да көңіл толады. Енді дене шынықтыру-сауықтыру орталығы (ФОК) ашылса, басқа да спорт түрлері қолға алынбақшы.
Жақында шахматтан ауылдық турнир өтті. Оның жеңімпазы болып танылған Қайырғазы Үркімов осы жарыста намысты абыроймен қорғады. Фарид Сәрсенбеков үстел теннисінен күміс жүлдегер атанса, дойбыда Асқар Мұхамбетов 4-орынға тұрақтады, - деді бізге сұхбат берген Дариян ауылдық округінің әкімі Тілек Насырұлы.
Қуаныш Қали,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz