Бүгін Бәйтерек ауданы Раздольный ауылдық округінде "Таза су" бағдарламасы аясында жүргізілген су құбырының құрылысы аяқталып, әр үйге тартылған тіршілік нәрі тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Құрылыс жұмыстарын жүргізген – "Универсал строй сервис" ЖШС. Мамыр айында бастаған су құбырының құрылысы мерзімінен бұрын аяқталған. Ашылу салтанатына сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов жергілікті халықты көптен күткен қуанышты сәтпен құттықтап, салтанатты рәсімнен кейін Дәулетовтер отбасында болып, ауыз судың берілуін, сапасын байқап көрді.
"24 190 метрді құрайтын су құбырларының құрылысына бюджеттен жалпы құны 488 миллион 391 мың теңге бөлінді. Осы су қабылдау ғимараты мен су құбыры желілерінің құрылыс нысанын “Redline Pro” ЖШС жобаласа, “Алатау сапа құрылыс” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі авторлық қадағалау жасады. Ауылдағы тұрғын үйлерден бөлек, мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандарға да су тартылды. Баршаңызды осынау қуанышты сәтпен құттықтаймын! Игілігін көріңіздер" - деді Мұрат Дүйсенұлы.
Айту керек, Кеңес одағы кезінде салынған су құбыры кейінгі 3-4 жылда әбден тозып, жергілікті халық күні бүгінге дейін ауласындағы құдыққа су толтырып, соны ішіп келген. Сондай-ақ, олар күн санап ауыл ажарының артып, абаттандыру жұмыстарының жүйелі жүруде екенін айтады.
- Ауылымыз толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұрын ауыл ішіндегі құдықтарды пайдаланып келдік. Енді, міне, су құбыры әр үйдің ішіне дейін тартылды. Судың сапасы да жақсы. Дәмді әрі жұмсақ. Сонымен қатар ауылымызға жол төселді, мектеп, балабақша салынуда. Бұл – мемлекеттің халыққа көрсетіп отырған қамқорлығы. Осы жақсы жаңалыққа мұрындық болып жүрген аудан әкімі мен барша жауапты тұлғаларға ауыл тұрғындары атынан риясыз алғыс білдіреміз, - дейді ауыл тұрғындары Мұрат Даулетов пен Сара Имансипова.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz