Астана және ұлттық домбыра күні қарсаныңда күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан жабдықталған Белес ауылдық кітапханасының ашылу салтанаты өтті.
Қазіргі заманға сай жасақталған кітапхананың ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, ОКЖ басшысы Жеңісгүл Жанабаева, Белес ауылдық округі әкімінің м.а. Тұрсынгүл Агисова, кітапхана ұжымы мен оқырмандар қатысты.
Іс-шара барысында жаңаша жұмыс істеуге көшкен кітапхана таныстырылды. Мәселен, "Тынығу" аталатын аймағында оқырмандарға арналған түрлі үстел ойындары қойылса, "Жамылған көк желегеін жұмақ мекен" дп аталатын өткетану бұрышында өлкенің тарихы мен ауданның дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірбаяндары жазылған оқулықтар ұсынылған. Тағы бір қызықты аймақ "Абайтану" деп аталады. Бұл жерден хакім Абай Құнанбайұлы жайында барлық ақпаратты табуға болады. Сонымен қатар, оқырмандар үшін "Жұмыс" аймағында кітап оқуға мүмкіндік беретін жайлы орындықтар мен ыңғайлы үстел қойылған.
Содан кейін кітапхана оқырмандары Астана күніне арналған өлең жолдарын мәнерлеп оқыған соң жергілікті өнерпаздар ән салып, күй тартып жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Одан әрі кітапханашы Айдана Талғатқызы "Астана күні, домбыра үні шырқалсын!" атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасаса, кейін кітапханашы Динара Насырова қатысушылармен интеллектуалды ойын өткізді.
Іс-шара соңында Белестегі тұрақты оқырмандар кітапхананың қазіргі заман сұранысына сай жабдықталып, барынша ыңғайлы, жайлы жағдай жасалған үшін ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, бұл кітапхана болашақта ауыл тұрғындары және қонақтары, студенттер, мамандар, жасөспірімдер мен зейнеткерлер өздеріне қажетті ақпаратты таба алатын бірден-бір орынға айналмақ. Сонымен бірге, дәл осындай кітапханалардың ашылуы жас ұрпақты біртұтас ортаға біріктіріп, ел, соның ішінде ауылдың игілігі үшін жаңа идеялар мен жобаларға бастау боларына сенімдіміз.
Махаббат Ибраимова,
Бәйтерек аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі