Былтыр белестіктер мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көре бастады. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында төрт жеке кәсіпкер жеңілдетілген несиеге қолжеткізсе, жастарға арналған несиеден екі жас мал алған, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы шеңберінде екі тұрғын грантқа ие болды. Бұл туралы Бәйтерек ауданына қарасты Белес ауылында өткен есептік кездесуде айтылды.
Ауыл әкімі Бақтыгүл Жүнісованың баяндауынша, былтырғы есепте көтерілген 9 мәселенің 6-уы шешімін тапты.
Қалған үш мәселенің бірі ауылды жарықтандыруға қатысты. Оған 15 млн. теңге қаражат қаралды. Алайда, медігердің уақтылы жұмыстанбай, келісімшартта көрсетілген мерзімде жұмыстарды орындамауына байланысты келісімшарт былтырғы 20 желтоқсанда біржақты тоқтатылды. 2024 жылдың 19 қаңтарында сот шешімімен ол мердігер «жауапсыз жеткізуші» ретінде танылды. Екінші мәселе, мектеп парталарының тозуына және мектепке қарай жаяу жүргінші жолын салуға қатысты. Парталар қазіргі таңда үш сыныпта ауыстырылды. Тротуар салуға қатысты жұмыстар біртіндеп жүруде. Яғни ауылдағы Достық, Жеңіске 60 жыл, М.Өтемісов, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев көшелері бойымен мектеп-балабақша кешені ғимаратына дейін тратуар салуға демеушілік көрсету үшін ҚазИИТУ ғылым-білім кешенінің құрылтайшысы А.Әйтімовке жергілікті қоғамдастық мүшелері атынан хат жазылып табысталды. А.Әйтімов және «Gip Agro» ЖШС басшысы И.Гапченконың демеушілігімен жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, бюджеттік өтінім жолданады. Үшінші мәселе жеке кәсіпкердің мал ұстау орнынан жағымсыз иіс шығуы салдарынан көршілерінің шағымы бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп, тазалық сақтау бойынша олар өзара келісімге келді.
Жиын барысында ауылішілік жолдарды жөндеу, аудандағы орысша аталатын ауылдардың атын қазақшалау турасында сұрақтар қойылды. Ал ауыл тұрғыны Айнагүл Мұсақұлова Белесте 2020 жылы салынған саябақтың ішіндегі тал-теректердің қараусыз тұрғанына қарап налитынын айтты. Егер оған әдемі қоршау жасалып, ағаш күтушілер тартылып, саябақ ішіне орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылса, жарықтандырса саябақ деген атқа лайық болар еді деп ұсыныс жасады.
Аудан әкімі Марат Тоқжан жиында көтерілген мәселелер біртіндеп, рет-ретімен шешімін табатындарын айтып, кейбір түйткілдерді шешуде ауылдық қауымдастықтың белсенді қызметі қажет болатынын жеткізді.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz