19.01.2026, 15:30
Оқылды: 44

Бәйтерек ауданы: Белестік жас домбырашылар үздік болды

Таяуда Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен халықаралық «Ören Stars of Uzbekistan» байқауына қатысқан белестік жас домбырашылар жақсы өнер көрсетіп, елге қуанышпен оралды.

IMG-20260119-WA0011

Аталмыш байқауға облысымыздан 40-қа жуық өнерпаз қатысып, түрлі жанрда бақ сынады. Солардың қатарында өнер көрсеткен Белес ауылынан шыққан жас домбырашылар «Аспапта орындаушылар» аталымы бойынша үздік деп танылды. Мұнда ансамбль құрамындағы «Бастау» тобы халық күйі «Тепең көкті» орындаса, «Күмбір» тобы Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін тартты. Сонымен қатар, жеке орындаушылар аталмында өнер көрсеткен Әміржан Сенбаев та І орынға лайық деп танылды. Ол Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйін ұсынды.

Айта кетейік, 2024 жылы құрылған домбырашылар ансамблі тұсауын, былтыр, яғни «Ауыл тынысы» газетінің 85 жылдығына орай Белес ауылында өткен іс-шара кезінде кескен еді. Сол кезде ауыл үлкендерінің берген батасы қабыл болып, жас өнерпаздар биіктен көрінуде.

IMG-20260119-WA0007

- Қазіргі таңда ансамбль құрамында 25 бала бар. Олар жас ерекшеліктеріне қарай «Бастау» (6–7 жас), «Күмбір» (8–10 жас), «Алаш» (11–14 жас) топтарға бөлінген. Алғашқы үлкен сахнадағы өнер көрсетуіміз «Ауыл тынысы» газетінің 85 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шарада болды. Осы уақытқа дейін түрлі концерттер мен байқауларға бардық. «Балапан STAR» телевизиялық шоуына екі рет арнайы қатыстық. Сондай-ақ «Жұлдызға жол» республикалық байқауында да өнер көрсеттік. Өзбектсандағы байқау балалардың өнерге деген қызығушылығын одан сайын арттырып, шығармашылық түрғыдан тың серпін берді. Алға қойған жоспарымыз көп. Қазір алдағы байқауларға дайындық үстіндеміз. Ансамбльге арнайы сахналық киім тіктіріп, ұлттық аспаптармен толықтыруды жоспарлап отырмыз, - дейді ансамбль жетекшісі Бибигүл Ізделеева.

Салтанат Серікбайқызы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале