26.09.2025, 15:30
Оқылды: 158

Бәйтерек ауданы: Инвестиция артып, инфрақұрылым жаңаруда

Аудандық мәслихаттың кезекті ХХVI сессиясы  өтті. Оны аудандық мәслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин жүргізді. Сессияға аудан әкімі Марат Тоқжанов, бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

IMG_20250926_104322_486

Күн тәртібінде жеті мәселе қаралды. Оның негізгісі «Аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі» болды. Соған сәйкес депутатары алдында есеп берген аудан әкімі Марат Тоқжановтың мәліметінше, биылғы жылдың 1 қыркүйегіне дейінгі аудан бюджеті 11,9 млрд теңгеге жетті. Соның ішінде республикалық және облыстық бюджеттен 4,6 млрд теңге трансферт түскен. Донорлық көрсеткіш 1 млрд теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 43,2 млрд теңгені құраған. Өсімдік және мал шаруашылықтарында өсім байқалды: ет өндірісі – 109,2%, сүт – 101,9%, жұмыртқа – 39,9%. Ауданда 43 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс істейді.

Инвестиция көлемі де артқан. Биыл негізгі капиталға тартылған қаражат 25640,3 млн теңгені (124,7%, өткен жылы 19577,6 млн.тг) құрады. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беріліп, ауылдық округтерде шағын бизнесті дамытуға қолдау көрсетілуде.

Абаттандыру бағытында ауылдарға трансформатор, сорғы станциялары алынып, балалар және спорт алаңдары орнатылды. Жол жөндеу жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Өткен жылы 39,5 км жол жөнделсе, биыл да бірнеше ауылдық округте күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мәдениет және білім беру нысандары бой көтеруде. Щапов ауылдық клубы пайдалануға берілді, Макаров пен Көшім ауылдарында жаңа клубтардың құрылысы қарқынды. Байқоныста 600 орындық мектеп ашылды, Достық ауылында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Денсаулық сақтау саласында 12 жаңа медициналық нысан ел игілігіне берілді. Байланыс және интернет мәселесі де шешімін табуда – бүгінде ауданның 56 елді мекені мобильді интернетпен қамтылды.

IMG_20250926_104157_258

Сессия барысында Байқоныс, Зеленый, Раздольный ауылдық округі әкімдерінің де есептері тыңдалып, ауылды дамыту және аграрлық саясат, экология, табиғатты пайдалану және инфрақұрылымды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының қызметі қаралды. Сондай-ақ аудан әкімі бүгінде өткір тұрған электр қуатына қатысты мәселелерді қыс түспей шешуді тапсырды. Күні бүгін Құрманғазы, Володар ауылдарында бұл бағыттағы жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Сессияда барлық көтерілген мәселеге қатысты тиісті шешімдер қабылданды.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале