Көшім ауылдық округ кітапханаларының ұйымдастыруымен поэзия падишасы, өлең-сөздің патшайымы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай «Өмірін өлеңмен өрнектеген ақын» атты әдеби жыр кеші ұйымдастырылды. Оған Көшім, Үлкен Шаған, Өркен кітапханаларының оқырмандары қатысып, ақын поэзиясынан жыр төкті.
Кеш шымылдығы М.Мақатаевтың «Фаризаға» өлеңімен ашылған соң Көшім ЖОББМ-ның мұғалімдері Дариға Оразаева өз туындысынан жыр маржандарын тарту етсе, Досбол Нұрсейтов ақынның «Сен қайда жүрсің?» өлеңіне ден қойды. Үлкен Шаған мектебінің мұғалімі Аслан Шалабаев та ақын рухына жыр арнаса, мәдениет үйінің өнерпазы Исламбек Раймбекұлы ақынның «Бауырластарыма» өлеңін оқыды.
Өз кезегінде сөз алған ардагер-ұстаз Меңзипа Қаматаева ақынның өмірі жайлы деректермен бөлісіп, жас оқырмандарды кітап оқуға, жырға құрметпен қарап, қадірлеуге шақыратын ізгі тілегін айтты.
Кеш соңында сөз алған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің әдіскері Фарида Бердіғалиқызы іс-шара жоғары деңгейде өткенін айтып, ұйымдастырушыларға, қонақтарға алғысын білдірді.
Салтанат Зұлқарнаева
Бәйтерек ауданы