Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов Бәйтерек ауданының аумағында орналасқан «Сырым» өткізу пункті мен Бейбітшілік ауылы маңындағы «Махамбет» шекара заставасында болды.
«Сырым» өткізу пунктінің жұмысымен таныстыру барысында мұндағы басты мәселенің бірі мобильді және интернет байланысының нашарлығы екені аталып өтілді. Бұл жерде тек роуминг арқылы ақылы түрде байланысқа қосылуға мүмкіндік бар екен.
Айта кетейік, бұл өткізу пункті Орал қаласынан 60 шақырым қашықтықта Самара-Шымкент халықаралық тас жолының бойында орналасқан. Ресеймен шекарада орналасқан осынау пункт арқылы айына шамамен 3000 көлік, 7000-ға жуық адам өтеді.
Мәжіліс депутаты «Махамбет» шекара заставасындағы жай-күйімен де танысты. Осында мәлім болғандай, «Қауіпсіз шекара» бағдарламасы аясында ҚР ҰҚК ШҚ БҚО бойынша департаменті арқылы 2024-2028 жылдары салынатын нысандармен осы застава да қамтылмақшы.
- Шекара қауіпсіздігін күшейту үшін «Сырым» өткізу пункті жанынан арнайы аванпост салынды. Қолдау болса болашақта тағы екі елді мекенде осындай нысандар салу жоспарда бар,-деді ҚР ҰҚК Шекара Қызметі БҚО бойынша департаменті "Махамбет" шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Жасұлан Егізтаев.
Шекара қызметтерінің жұмысын оң бағалаған Бақтықожа Салахатдинұлы Ақ Жайық өңірде біраз жыл қызмет еткенін айтып, сол себепті мұндағы көп мәселеге қанық екенін және көтерілген мәселелер шешімдерін табуына барынша ықпал етуге тырысатынын жеткізді.
Нұрсәуле Әбілпейсова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz