Бәйтерек ауданына қарасты Мичурин ауылында тұрғындарды төтенше жағдайлар кезінде тез әрекет етуге үйретуді мақсат тұтқан семинар өтті. «Қазақстанның Қызыл Айы» қоғамы ұйымдастырған жиынға Переметный, Дариян және Мичурин ауылдарынан келген өкілдер қатысты.
Аталмыш қоғамның сарапшы-зерттеушісі Бекайдар Молдахметовтың сөзінше, бұл семинарды Италияның Қызыл Крест қоғамы қаржыландырған. Шетелдіктер еліміздің барлық аймағын зерттей келе Батыс Қазақстан облысын Каспий маңы ойпатында орналасқан, сол себепті мұнда су тасқыны және өзге де қауіп-қатерлер туындауы мүмкін деген шешімге келіп, Ақ Жайық өңірін таңдап алған.
- «Қазақстанның Қызыл Айы» қоғамы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің көмекші буыны болып табылады. Біздің қоғам мен министрлік арасында төтенше жағдайлар кезінде бірігіп әрекет ету жөнінде келісім бар. Биыл Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болып, төтенше жағдай орын алды. Осыған байланысты тұрғындарды жедел әрекет етуге оқыту туралы Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне хат жолдадық. Келген жауап хатта семинарды өткізу үшін Бәйтерек ауданы таңдалғаны жазылған. Ал Бәйтерек ауданы әкімінің аппараты семинарға төтенше жағдайға ұшырау тәуекелі басым Дариян, Мичурин, Переметный секілді ауылдық округтерінің өкілдері қатысатынын жеткізді,-дейді Бекайдар Молдахметов.
БҚО бойынша жоба үйлестіруші Альфия Сапаралиева айтып өткендей, бес күн бойы семинарға қатысқандар ТЖ кезінде бірінші кезекте қандай әрекеттер жасауды, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренген.
Жалпы жоба аясында аталмыш үш округқа төтенше жағдай кезенде қажет болатын құрал-жабдықтар алуды және су өткізгіш құбырлар салу, өзен арнасын кеңейту, тереңдету не бетондау секілді жұмыстарды қаржыланжыру да көзделген.
-Оқу кезінде төтенше жағдай және өзгеде апаттар орын алғанда іс-қимыл алгоримдерін, тұрғындарды қалай хабарландыру, эвакуациялау керектігін білдік. Одан бөлек түрлі апаттарды алдын алу мақсатында жобалар дайындадық. Енді біз өзіміздің ауылдық округ аумағында су тасқыны қаупін азайту үшін қажет іс-шаралар алудың тиімді тұстарын іздестіру бағытында талдау жұмыстарын жүргізетін боламыз. Мүмкін бөгет салу не арық қазу жұмыстарын жүргізу керек болатын шығар. Бұл бағытта дайындайтын жобамызды «қызылайлықтармен» келісетін боламыз. Егер ол талапқа сай болып, қолдау тапса округ аумағында тиісті нысандар салынады, - Мичурин ауылдық округінің әкімі Максим Мусалимов.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы