14.12.2024, 16:30
Оқылды: 191

Бәйтерек ауданы: Мирный ауылында жаңа медпункт ашылды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Бәйтерек ауданына қарасты Макаров ауылдық округының Мирный ауылында медпункт пайдалануға берілді.

IMG-20241214-WA0003

​Емдеу нысанының ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов атап өткендей, бұл - «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бәйтеректе бойкөтерген жетінші нысан. «Мұндай медпункттар салудағы басты мақсат – ауылдағы ағайынның дені сау, көңілі шат, еліміздің ертеңгі жарқын болашағына деген сенімінің нық болуы,-деді Мұрат Дүйсенұлы. - Сол себепті «Денсаулық - басты байлық» екенін ұмытпай, уақтылы дәрігерлерге қаралып жүрген жөн. Яғни мына емдеу орнына «Ауырып ем іздеп келмей, ауырмаудың жолын іздеп» келуге жазсын».
​Құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компанияның өкілі осынау медпункттің фельдшері Ләззат Әбуоваға символдық кілт табыстады және өздерінің атынан бір компьютерді сыйға тартты.

IMG-20241214-WA0007
​Жиналғандарды жаңа нысанмен, бөлмелердегі құрылғылармен таныстырған аудандық №2 аурухана директорының орынбасары Дәурен Саматтың сөзіне қарағанда мұндағы кейбір медқұрал-жабдықтар аудандық ауруханада жоқ.
​-Ауылда 42 үй бар. Орта есеппен күніне 2-3 рет шақырту түседі. Соларға арнайы барып, ем-домын жасаймыз. Егер қолымыздан келмей жатса, жедел жәрдем көлігімен Дарияндағы №2 ауруханаға, кей кездері қалаға да алып барамыз. Негізінен тұрғындар қан-тамырлары дертіне шалдыққан. Жалпы мирныйлықтар денсаулықтарына жақсы мән беретіні қуантады. Уақтылы скринингтік бақылаудан, флюграфиядан өтіп тұрады. Әсіресе жастардың тәні де, жаны да сау, есепке алынғандары жоқ. Әскер жасындағылар азаматтық борышын өтеп келіп жатыр,- дейді Ләззат Әбуова.

IMG-20241214-WA0006
​Осы ауылда он жылдан бері тұрып жатқан Гүлжихан Жақыпованың сөзіне қарағанда, ескі медпункттың ғимаратының жағдайы нашар, іші салқын болған. Бұл тұрғындар үшін де қиындық туғызды. Әсіресе онда қыс кездерінде, күн салқында отыру мүмкін емес. Фельдшер мен медбике үйлерді аралап жүріп, қызмет көрсететін. Міне, көптің тілегі қабыл болып, жаңа медпункт бойкөтерді. Енді осында келіп ем-дом алуға мүмкіндік мол.

IMG-20241214-WA0005
​Медпункт дәлізінде аудан әкінің орынбасары ауыл тұрғындарымен сөйлесіп, олардың хал-жағдайларын білді. Тұрғындар былтыр ауылға көгілдір отын, су келгеніне, биыл мына медпункт салынғанына қуанышты. Сол үшін үкіметке, жергілікті атқарушы құрылымдарға ризашылығын білдірді. Енді Макаровпен екі ортаны жалғайтын 6 шақырымдық жол жөнделсе нұр үстіне нұр болар еді. Мұрат Дүйсенұлы тақтайдай тегіс жолды салар күнге алыс қалмағанын жеткізді.

Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале