3.06.2023, 17:30
Оқылды: 51

Бәйтерек ауданы: Озерныйға жаңа мектеп қашан салынады?

Бәйтерек ауданындағы байырғы білім ұясының бірі – Озерный орта мектебі. 1961 жылы бойкөтергеннен бері күрделі жөндеу көрмеген бұл мектептің жағдайы мәз емес.

IMG_20230603_172151_010

Мұндағы спорт, акт залдары, асхана стандартқа сай келмейді. Соған орай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі оң қорытынды бермей отыр.

IMG_20230603_172201_683

БҚО білім сапасын бақылау департаменті негізгі мектепке айналдыру керек деген ұстанымда. Осыған байланысты сот процесі жиі болып, мектеп әкімшілігіне ескерту беріліп, айыппұл төлетуде.

IMG_20230603_172204_581

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов аталмыш мектепте болған кезде білім ұясының директоры Амангелді Темешев осылай деді.

Мектепке кірген бойда бірінші тұрған аядай бөлме бар. Оған әрі кетсе 5-6 адам ғана сыяды. Директордың кабинеті де, мұғалімдер бөлемесі де осы. Сыныптардың жай-күйі де мәз емес. Өткен ғасырдың көзіндей болып тұрған парта, жиһаз, құрал-жабдық атаулысы әлі де пайдаланылуда.

IMG_20230603_172159_295
- Бұл бұрын орта мектеп болды. Артынан бала санының азаюына байланысты негізгі мектепке айналды. Парта, өзге де жиһаздар тек орта мектептерге берілді де бұларға бұйырмай қалды. Соңғы кезде бала саны артуына орай былтыр орта мектеп мәртебесі берілді. Сол себепті осында келген сайын біз мектепте оқығанда тұрған парталарды көремін, - деді аудан әкімі Марат Тоқжанов.

IMG_20230603_172156_970
Мектеп директорының сөзіне қарағанда, 2017-2018 жылғы оқу жылында химия, физика, биология пәндері кабинеттері жаңартылған. Барлығы - 25 ноутбук алынған. Бірақ бұлар аздық етеді. Сыныптардың тарлығы, өзгеде жағдайлар сапалы білім беруде қиындық туғызып отыр.

IMG_20230603_172153_302
- Екі бөлмені біріктіріп, еденнің астынан бір метрдей топырақ алып, сөйтіп сәл-пәл биіктеткен болып қолдан спорт зал жасап отырған жайымыз бар. Талапқа сай келмесе де оқушылар баскетболды бірдеме қылып ойнайды, ал волейболға мүмкіндік жоқ, - дейді Амангелді Темешев.
Мектеп директорының орынбасары Жанат Жәлелованың сөзіне қарағанда, ата-аналар балаларының түрлі үйірме, секцияларға қатысуын қалайды. Ал оларды ұйымдастыруға мүмкіндік аз. Яғни үйрететін маман бар да, орын жоқ. Он бес бала тәрбиеленіп жатқан шағын орталықта да орын тапшы және басқа да жайсыздықтарға орай бүлдіршіндер онда түске дейін ғана келеді. Ата-аналар күні бойы болса деп тілек білдіріп жүр. Жаңа мектеп салынбай бұл мәселелер шешілмейтіні анық.
Аудан әкімі Дариян ауылында өтетін есептік кездесулер кезінде Озерный ауылының тұрғындары тарапынан мұнда жаңа мектеп салу жайы міндетті түрде мәселе болып көтерілетінін жеткізді.
- Ғимараттың тозуына байланысты мұндағы оқу-тәрбие жұмыстарын жүргізуде қиындық тудырып жатқанын көрдік. Алдағы уақытта білім мекемелерін салуды жоспарлаған кезде мұның бәрін ескереміз, - деді Бақытжан Нарымбетов.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikprеss.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале