Кеше көктемде Жайық тасыған кезде өзен бойында орналасқан бау-бақша ұжымдары тұрғындарының үйлері су астында қалғаны белгілі. Олардың арасында Байқоныс ауылдық округіне қарасты «Восток» бау-бақша қоғамы бар. Бүгінде ондағы ағайында тасқын зардабын жою бағытында жұмыстанып жатыр.
Аталмыш бау-бақша қоғамы 1975 жылы Оралдағы жөндеу зауыты (Ремзавод) жанынан құрылған көрінеді. Сол себепті ауызекі тілде мұны жөндеу зауытының саяжайы деп атайды. Жарты ғасырға жуық уақыттан бері осында тұратындар жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін өсірумен айналысады. Қазіргі таңда осында 260 учаске, 240 үй бар. Былтыр газ келіп, «востоктықтар» қуанышқа кенелді.
– Көктемгі су тасқынынан мұнда тұратындардың бәрі зардап шекті. Өзен суы көп үйдің шатырына жақындады. Осынау тасқынның зардабын жоюға мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілуде. Тұрынғындар сол үшін де ризашылықтарын білдіруде. Нақтылап айтқанда, біздің қоғамға қарасты мүшенің бәрі мемлекеттен 100 АЕК көлемінде ақшалай көмек алды. Бүлінген мүлікке байланысты да қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ осындағы үйден басқа баспанасы жоқтарға жөндеуге де жәрдем берілуде. Берілген көмектің арқасында қалпына келген үйлердің бірі – қоғамдастық күзетшісінің үйі. Кіре берісте бірінші тұрған бұл үйдің қабырғасы тасқын салдарынан құлап қалған еді. Қабырғасын қайта қалап, терезе қойып, үйдің ішін жөндеп, жылы еден төселді. Қазір күзетшіміз сонда тұрып жатыр. Бүгінде барлық тұрғын өз учаскесі мен айналасын жинау жұмыстарын жүргізуде. Су басқан кезде он бес шақты тұрғын ешқайда кетпей осында болдық. Үйлеріміздің екінші қабатында тұрдық. Сол кезде бізге барынша көмек көрсетілді. Әсіресе Байқоныс ауылдық округінің басшылығы назардан тыс қалдырмай, гуманитарлық көмекті уақытылы жеткізіп тұрғанына «востоктықтар» атынан алғысымды білдіргім келеді, - дейді аталмыш бау-бақша қоғамының басшы Анатолий Хлоповской.
Топан судан үйі айтарлықтай зардап шеккен тұрғындардың қатарында Галина Баранова да бар. Отыз жылдан бері осында тұратын ол осы уақыт аралығында мұндай жойқын тасқын болмағанын айтады.
«Біз былтыр үйімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген едік. Қазіргі кейпіне қарап оның былтыр жаңарғанын айту қиын, - дейді ол. – Мемлекет тарапынан барынша қолдау беріп жатқанына алғысымызды білдіреміз. Көлемі 50 шаршы метр болатын үйімізді жөндеуге 2 млн. теңге аударылды. Жөндеу жұмыстарына енді кірісіп жатырмыз. Ал учаскеміздің жалпы көлемі 10 сотық жер. Мұнда біз бау-бақша, көкөніс өнімдерінің көптеген түрлерін егетінбіз. Тасқынның салдарынан биыл олардың көбі өнім бермеді. Жыл соңына дейін үйіміз жөнделіп, айналамыз реттеліп, бұрынғыша мамыражай күйге енеміз деп ойлаймыз».
Ширек ғасыр бұрын осыдан жер телімін алып, үй, сарай, монша салып, 2017 жылдан бері тұрақты түрде тұрып жатқан Сергей Амитров те айтарлықтай зардап шеккен. Оралда үйлері болуы себепті оларға жөндеуге қаржы бөлінбеген.
Соған қарамастан ол да, осы саяжайда тұратын Марина Кузницова, Фарида Асерчева және өзгелер секілді үй-жайларын өз күштерімен жөндеуде.
Жалпы мұндағы тұрғындардың дені түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір жандар. Олар еліміздің аспаны ашық, жауы қашық болса, кез келген қиындықты бірлік пен татулықтың арқасында еңсеретіндерін айтады.
Яғни Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бірлік пен ынтымақ басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары екеніне бек сенімді.
Серік Маратұлы
Бәйтерек ауданы