Щапов ауылының тұрғындары да «Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігі көре бастады. Осынау бағдарлама аясында былтыр ауылда гүл жылыжайы іске қосылды. Енді сүтті бағыттағы мал алынбақшы.

Есептік кездесу кезінде аталмыш округтің әкімі Біржан Нұрбайыров баяндағандай, жылыжай салған Нұрлан Бабғашев деген азамат голланд бәйшешегін өсіру бағытында жұмыстанып, биылғы ақпан-наурыз айынында Орал қаласы мен көршілес облыстарды гүлмен қамтыды. Жалпы мұнда жылыжай шаруашылығы жақсы дамуда. Мәселен,«Жайна» шаруа қожалығында екі бірдей жылыжай бар. Онда өндірілетін көкөніс өнімдері Орал, Атырау қалаларына жөнелтеді. Бұл шаруашылық 37 гектар жерге тамшылатып суару әдісін қолданып, бау-бақша, көкөніс, картоп егеді. «Восход», «Балаган» шаруа қожалықтары да тамшылатып суару әдісін қолданып осыншама аумаққа бау-бақша, көкөніс салып келеді. Округ бойынша биыл жалпы көлемі 859 га егiстiк алаңы жоспарланған болса, қазіргі уақытта соның 830 гектарына ауыл шаруашылығы мен көкөніс, бақша дақылдары егілді.

-Ауылымызда 200 орындық жаңа мәдениет үйі де салынып жатыр. Бұл нысан округтағы мәдени өмірді ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың әлеуметтік жағдайының да жақсартуға ықпал ететіні анық. Мұнда спорт зал, кітапхана және үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған. Ол іске қосылғаннан кейін ауылда жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендейді деген сенім бар,-деген Біржан Төлегенұлы биыл мұнда орталық спорт алаңын қоршау және аялдама орнату, су ұңғымасы мен үш балалар ойын алаңын салу жоспары тұрғанын айтты. Сондай-ақ мектеп ауласына Б.Момышұлының ескерткішін орнату, 1000 шаршы метрге жаяу жүргінші жолын төсеу жұмыстары орындалмақшы. Биылда Щаповта жүзеге асатын инветициялық жобалардың ішінде гүл өсіретін жылыжай және көкөніс қоймасын тұрғызу, АШӨК құру, көлік жуу, дөңгелек жөндеу орнын, газ құю бекетін салу, қонақ үй құрылысы, ауыл балаларына арналған оқу білім-өнер орталығын мен екі азық-түлік дүкенін ашу бар.
Аудан әкімі Марат Тоқжанов та Бәйтеректегі ауыл, соның ішінде өсімдік шаруашылығының даму қарқынына тоқталып өтті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Құрылыс, жол салу бағытындағы жобалардың іске асырылуын да назарға алды. Ауылда жаңа мектептің бойкөтергендігі, мәдениет үйінің салынуы, ауылішілік және жаяу жүргінші жолдарының құрылысы жүріп жатқаны, қызмет көрсету, кәсіпкерлік нысандарының ашылуы жергілікті тұрғындардың ұйымшылдығы мен іскерлігінің нәтижесі екенін атап өтті.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан да бірқатар маңызды мәселелер қозғалды. Солардың бірі – ауылдағы 58 бала тәрбиеленіп жатқан «Бөбек» балабақшасының жай-күйі. Аталмыш мемлекеттік балабақшаны күрделі жөндеуден өткізу 2027 жылға жоспарланған. Алайда балалардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін оны ертерек қолға алған дұрыс. Аудан басшысы қаражат бөлінген жағдайда жөндеу жұмыстары жедел түрде басталатынын жеткізді. Жиын барысында қойылған сұрақтың бәріне нақты жауаптар берілді.
Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы