22 наурызда Ұлыстың ұлы күні тойланған соң Янайкин ауылының тұрғындары да "Тату көше" акциясын ұйымдастырды.
Іс-шара шартына сәйкес ауылда 13 көше өзара бес көшеге бірігіп, бес ұлтты таңдап, олардың ұлттық тағамдарынан дастархан жайды. Мәселен, Т.Бигелдинов көшесі қазақ, Достық, Еуразия көшелері - татар, Алматы, Теректі, Жайық көшелері -украин, Тәуелсіздік, Бірлік, Жеңіс, Б.Момышұлы көшелері - орыс, Құрманғазы, Бәйтерек, М.Мәметова көшелері - беларусь ұлттарының мәдениетімен таныстырды.
Жергілікті атқарушы құрылым, қоғамдық ұйым өкілдері мен аудандық мәслихат депутаттарынан құралған комиссия әр көшенің бұл акцияға барынша дайындалғанын жоғары бағалап, оларға алғысхат пен наурыз-себетін тарту етті.
Янайкин ауылдық округінің әкімі Сәуле Аққайырова айтқандай, бұл бастама ауыл тұрғындарының, соның ішінде көршілердің арасындағы татулықты, бірілікті, жанашырлықты нығайта түсуіне ықпал еткені анық. «Ауылдастарымның осындай іс-шара өткізу туралы ұсынысымды бір бірауыздан қолдап, оған белсене атсалысқандарына ризамын. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Сәуле Қуанқызы.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы