Салынғанына 60 жылға жуық уақыт болған Бәйтерек ауданына қарасты Махамбет ауылдық клубын жөндеу мәселесін аудан әкімінің есептік кездесулерінде жергілікті тұрғындар жиі көтеріп жүрді. Ел тілегін екі етпейтін аудан басшылығы биыл аталмыш мәдениет ошағын «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуге жауып, Тұңғыш Президент күні қарсаңында пайдалануға берді.
Махамбеттегі ағайынның қуанышын бөлісуге аудан әкімі Марат Тоқжанов өзі келді. Сонымен қатар ауыл халқының басты мәселелерінің бірі шешілгенін көрмекке «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжанова мен ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр, аудандық мәслихат депутаттары Есен Сүндетов пен Нұрлыбек Хайруллин және ауыл меценаттары Еркін Насыров пен Мүслім Айтжанов келді.
Іші-сыртына шырай кіріп, ауыл ортасынан менмұндалап тұрған жаңарған ғимарат ашылмас бұрын көпшілікке жергілікті қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды. Көздің жауын алатын түрлі бұйымдар қойылған көрмені тамашалап шыққан аудан басшысы Марат Тоқжанов шеберлердің өнеріне оң бағасын берді.
- Әр ұлттың ұлт болып аталуының негізгі төрт анықтауышы бар. Ол: жері, экономикасы, тілі және мәдениеті. Бұл төртеуінен айырылған шағымызда ұлт болудан қаламыз. Ел Президенті мен Елбасы қашан да халық үніне құлақ асып, ел мұқтажын көзден таса етпеуді тапсырады. Біз сол тапсырманы жүзеге асырып, елдің қуанышына куә болып жатырмыз. Енді ауыл жастары мен бүлдіршіндеріміз жаңарған мәдениет ошағына келіп, өздерінің бос уақытын өнерге арнайтын болады. Бұл да үлкен қуаныш. Биыл ауданда біраз әлеуметтік нысан жөндеуден өтті. Жаңадан салынып жатқандары да бар. Тәуелсіздік мерекесіне дейін тағы бірнеше ауылдың қуанышын бөліспек ниеттеміз. Жаңарған клуб ауылдан жаңа таланттардың шығуына сеп болсын, - деді махамбеттік ағайынға өз құттықтауын жеткізген аудан әкімі Марат Тоқжанов.
Сонымен қатар өз сөзінде аудан басшысы келер жылы Махамбет ауылына кірер жол жөнделіп, ауыл көшелеріне асфальт төселетінін де жеткізді.
Аталмыш жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамасын Еркін Насыров және Мүслім Айтжанов сынды жергілікті кәсіпкерлер жасағанын айтқан Марат Лұқпанұлы ел қамын ойлайтын, ауылына қашан да көмек көрсетуге әзір жүретін бизнес өкілдерінің еңбегіне сәттілік тіледі.
Одан соң аудан әкімі ауылдық клуб меңгерушісі Ағиля Абдрахмановаға ЛЭД экранды салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ мәдениет ошағын жөндеген мердігер еңбегіне жоғары баға берген әкім компания басшысын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
- Ауылдық клубты жөндеу мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Биыл ол іс оңынан шешілді. Өнерді сүйетін, қадірлейтін адам үшін бұл — үлкен қауаныш. Жалпы биыл аудан халқы мемлекеттік бағдарламалар игілігін сезінуде. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай мәдениет ғимараттары жөнделіп, жаңа спорт алаңдары мен мектептер бой көтеруде. Осының барлығы — мемлекетіміздің дамығанының көрсеткіші. Ел мұңына құлақ асқан аудан басшылығына, ғимаратты сапалы жөндеп, уақытында тапсырған мердігерге ауыл халқы атынан ризашылығымды білдіремін, - деді клуб ашылуында ауыл тұрғындары атынан сөз алған ақсақал Сәбит Сатаев.
Бүтін бір ауылды қуанышқа бөлеген шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz