Бәйтерек ауданы Переметный ауылында «Ұрпаққа үлгі – еңбекке адал әкелер» атты форум өтті. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аудандық білім бөлімі ұйымдастырған бұл шараға әртүрлі жастағы, түрлі салада еңбек етіп жүрген, сый-құрметке бөленген көп балалы және жас әкелер шақырылды.

- Қазақ отбасында әкенің орны бөлек екені белгілі. Сол себепті «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды», «Әке қас-қабағымен тәрбиелейді», «Әкенің сөзі сүйектен, ананың сөзі еттен өтеді», «Бала ер жеткенше әке абыройымен, ал ер жеткен соң әке баласының абыройымен өмір сүреді» деген сөздер тегін айтылмаса керек. Ауылдағы ағайын бір бала туралы айтқанда көбіне оның есімін емес, әкесін атын айтпай ма? Танымай тұрғандар содан кейін барып есіне түсіріп, шырамытады. «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» демекші, асқар тауларымыз аласармасын, қайнардан нәр алған бұлағымыз сарқырап аға берсін, тамырын тереңге тартқан құрақ бәйтерекке айналсын деп тілейміз, - деді форумның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев.

Содан соң сахна төріне алты әке көтеріліп, олар отағасы, әке ретінде өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Бірінші болып Щапов ауылынан келген 6 баланың әкесі, 11 немере-жиеннің, 9 шөбере мен жиеншардың атасы Бақыт Жұбанов сөз алды. Оның айтуынша, шын мәніндегі байлық бұл қалтадағы ақша, не қорадағы мал емес, үйдегі бала көрінеді. Алты перзентінің төртеуі – мұғалім екен. «1914 жылы туған әкеміз де мұғалім болды,-деді Бақыт Нәсіпұлы. - Ұлы Отан соғысына қатысқан әкеміз қатал адам еді. Бәрін қас-қабағымен қадағалап отыратын. Айтқаны – заң. Қатаң тәртіптің арқасында оқуда да, еңбекте де алда болдық. «Әке көрген оқ жонар» демекші, сондай тәрбиемен балаларым да өсіп жетілді. Бәрі де қоғамнан өз орындарын алды, бүгінде жемісті еңбек етуде. Қазір немере-шөберелерім өрістеп келе жатыр. Бәрі де шүкіршілік деймін».

Янайкиндегі шаруа қожалығының жетекшісі, 6 баланың әкесі Тілек Залмұқановтың сөзіне қарағанда, әке жүріс-тұрысымен, айтқан сөзімен балаларына үлгі бола алады. Көп нәрсе отанасына байланысты. Егер ол ер-азаматын сыйлай білсе, балаларға да әкесінің жақсы қасиеттерін, өнегелі істерін үлгі етері анық. «Сөздің шыны керек, совхозда еңбек еткен әкемізді біз жөнді көрген емеспіз. Ала таңнан кетіп, түннің бір уақтында оралатын, - дейді Тілек Дүйсенұлы.- Соған қарамастан әкемізге деген құрметіміз ерекше еді. Арақ ішпеген, темекі тартпаған әкеміз бізге шын мәнінде де үлгі бола білді».

Жергілікті әншілердің орынауларындағы әке туралы әнмен өріліп отырған форумда Зеленов ауылы клубының меңгерушісі, 4 баланың әкесі Мейірман Айсағалиев қонақкәде ретінде «Анашым» әнін орындаған кезде аудандық мәдениет үйіне жиналған көпшілік орындарынан тұрып қол соқты. Мейірман Қабділманұлы өз сөзінде отбасы мүшелерінің бәрі өнерге жақын екенін жеткізді. Үлкен ұлы Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжін аяқтаған. Екіншісі студент. Екеуі бүгінде «Тұмар» деген топ құрып, Батыс Қазақстан аймағында өнер көрсетуде. «Жолдасымыз екеуміз балаларымызды елдің азаматы болсын деген бағытта тәрбиелеп келеміз» деді ол.

Сонымен қатар Мичурин ауылдық округінің Зеленый ауылынан келген 8 баланың әкесі Нұрбол Сағынғалиев, белестік қарапайым жұмысшы Жалын Есенжолов пен былтыр ғана отбасын құрған егіндібұлақтық Нұрбек Сағынбаев та өз пікірлерін ортаға салды.

Іс-шара соңында олар «Әкелердің әкесі», «Көп балалы әке», «Кәсіпкер әке», «Өнегелі әке», «Өнерлі әке», «Шебере әке», «Жас әке» секілді аталымдарымен марапатталды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы