Бүгін Бәйтерек ауданындағы Дариян мектеп-гимназиясында халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын, қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Ақ Жайықты жырлайды ақын жүрек» атты кеш өтті.
Аудан әкімі Асхат Шахаров ақын өлеңдерінің өміршеңдігіне тоқталып, құрметті мейманға камзол кигізіп, алғыс хат табыстады.
Дарияндықтар алдында Қазақстан Жазушылар Одағы БҚО филиалының төрағасы, ақын Ақұштап Бақтыгереева кестелі сөз сөйлеп, өзінің төл туындыларын да тебірене оқыды.
Өз кезегінде ақынның «Даламның қарлығаштары-ай!» өлеңін Трекин мектебінің 8-сынып оқушысы Ақбота Бисенғалиева нақышына келтіре оқыса, осындағы жыр кабинетінің мүшесі Бауыржан Сағитжан «Ақұштапқа арнау» өлеңін тарту етті. Дариян мектеп-гимназия интернатының оқушылары да жиналған көпшілікке ақынның жүрек тербетер жырларынан шашу шашты.
Сондай-ақ кеш барысында Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы» әнін республикалық ән байқауларының жүлдегері Ақан Жекеков әуелетсе, «Жеңешем» әнін «Нұрәділ» дуэті орындады.
Кездесуде Асылбек қажы Сұлтанғалиұлы, Танзила Қойшығұлова, Рахила Дарғожақызы сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Ертай Бимұханов
cуреттерді түсірген Сәлім Мәмбетәлиев
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер